Еңбекшіқазақ ауданында суармалы судың бағасы екі есеге қымбаттаған

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында тағыда су мәселесі туындап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен жылы егістік алқаптарына тіршілік нәрін жеткізе алмай, талай шаруалардың төккен тері зая кеткен болатын. Ал биыл сол суармалы судың бағасы екі есеге қымбаттаған. Ашынған жұрт ауыл шетіне жиналып, жауапты мекемелерге наразылықтарын жеткізді.

Суармалы су мәселесі Шелек өңірінде бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Алдымен көктемде баға көтеріледі сосын жаздың ортасында егістік алқабына су жетпейді. Биыл да сол. Тіршілік нәрінің ақылы болуы нарық заңының талабы шығар, дегенмен, бағаның бірден шарықтап шығуы шаруа қожалықтарына қиын соғып отыр.

Қанатбек Молдажанов, ауыл тұрғыны:

- Мына ауылшаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары жұмысын тастауға мәжбүр болады. Енді бұлар мәжбүр болса, жаңағы ауылшаруашылық өнімдері қымбаттайды. Қазіргі кезде не керек, су керек. Құлпынай пісіп жатыр. Ертеңгі күні қызанақ пісу керек, қырыққабат пісу керек. Оған жаңағы шаруа қожалықтарының қалтасы көтере бермейді. Мынадай бүгінгі ұсынып отырған бағаға.

Талғат Нұрғайыпов, ауыл тұрғыны:

- Бұл судың бағасы негізсіз қымбаттағаннан бұрын уақытында жеткізіп бере алмайды. Мәселе алатын егін өнімді ала аламай отыр халық. Былтыр қаншама гектар жер күйді судан. Өнім алу жағы қиын болып отыр.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

- Шелек өңірінің ауа райын көріп отырсыздар таңертеңнен кеш батқанша ұйытқыған жел. Бүгін ғана емес, күнде осындай. Жауын жаумағалы да біраз уақыт болыпты. Жер кеуіп кеткен. Ал судың бағасы қымбаттап, алқымнан алып тұр. Өткен жылы да шаруа қожалықтары су тапшылығын көрген болатын. Енді міне, биыл қымбатшылық қосылып отыр. Жанармайыңыз тағы қымбат. Сондықтан байқап отырмыз, былтыр қызу тіршілік жүріп жатқан жерлердің біразы биыл бос тұр. Өйткені ешқандай пайда болмаған соң шаруа қожалықтары қандай да бір дәнді дақыл, егін егуден бас тартқан секілді.

Өткен жылы шаруа қожалықтары суармалы суға бір гектарға 18 мың теңге төлесе, биыл баға 33 мың теңгеге бірден көтерілген. Бағаның тым аспандап кетуін жауапты мекеменің басшысы былай түсіндірді.

Серікқали Мұқатаев, Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалының директоры:

- Бізде 2018 жылға дейін басқа тариф болған. 2018 жылдан бастап Қазақстан бойынша бірыңғай тариф енгізілген. Бірақ Шелек ауданы суды көп алғаннан соң диверсифицияланған тариф болған. Бірыңғай тариф енгізілгені барлық РГКП филиалдары шығында болды. Жаңа бағамен есептедік, бір гектарға 18-20 мың шығын кетеді екен. Ал делдалдар 35 мың теңге алып жатыр гектарға. Халық шешімге келсе, онда СПК қажеті жоқ болса, біз дайынбыз. Ол СПК-ның жұмысын біз атқарамыз.

Еңбекшіқазақ ауданындағы 10 мыңнан аса шаруа қожалығына бұған дейін суармалы суды ауыршаруашылық өндірістік корпаротиві жеткізіп келген. «Ендігі жерде ортадағы делдалдар болмайды. Тиісінше, су бағасыда арзандау болады», - деп сендірді әкімдік қызметкерлері. Шелек өңірінің диқандары негізінен соя, жүгері, бидай және жоңышқа егеді. Жеміс-жидектері тағы бар. Ауылшаруашылық өнімінің жемісті болуы тіршілік нәрімен тікелей байланысты. Сондықтан халық алдағы уақытта билік өкілдері су мәселесін шешіп береді деген үмітте.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Әбен Нарынбаев