426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Панфилов ауданының диқандары судың қымбаттауына наразы

  • 88
  • UPD: 09:35, 06.05.2021

Егістікке қажетті судың қымбаттауы шығынға батырады.

Алматы облысы Панфилов ауданының диқандары осылай деп дабыл қағып отыр. Мамырдың бірінен бастап елімізде біріңғай тариф енгізілген еді. Ол бойынша дала еңбеккерлері енді тіршілік нәрінің әрбір текше метріне 0,42 теңге емес, 0,74 теңге төлейтін болады. Су бағасының қымбаттауына наразылығын білдірген шаруалармен тілшіміз Шыңғыс Қалиден тілдесіп қайтты.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- «Жердің жағдайын, елдің ыңғайын білмейтін жоғарыда отырғандар шығарған оны. Неге келіп, елмен ақылдасып, мәселесін неге сұрамайды? Өздерінің білгендерін істеп жатыр. Соншалықты елмен осылай істеуге бола ма? Бюрократтар ғой отырған. Не деген сұмдық? Солар келіп, рәзеңке етік киіп, бес күн кетпен ұстасыншы. Сонда біледі диқанның қадірін».

Осылай деп ашынған шаруалар егістік алқапқа су келгенде ғана құзырлы органдардың қаулысын көрген. Онда тіршілік нәрінің бірден екі есеге қымбаттайтыны туралы жазылыпты.

Баймолда Ахмет, шаруа:

- Өткен жылы үш мың алты жүз елу теңгеден төлегенбіз. Ал енді биылғы тариф бойынша 6382 теңге төлейміз. Сонда екі есеге көбейіп отыр ғой. Осыны қалпына келтірсе, бұл бір ғана Жаркент өңірінің ғана емес, өзге аймақтардың да мәселесі болып тұр.

Мұрат Қазыұлы, шаруа:

- Суды аяқ астынан қымбаттатып жібергені. «Қазсушарға» таңертең барғанда осы бұйрықтарды берді. Ескертілген жоқ. Осы күнге дейін бізге айтылмаған.

Тарифтың көтерілуі Өмірсерік Дәулетияров сияқты азын-аулақ жері бар шағын шаруашылықтарға қиын болайын деп тұр. Олар «ала жаздайғы еңбегіміз еш кете ме» деп шырылдап отыр.

Өмірсерік Дәулетияров, шаруа:

- Жалғыз су емес, жанар-жағармай, техниканың күші барлығы жылдан жылға көтеріліп жатыр. Ал өнімнің бағасы көтерілмейді. Ендігі былтырғы есеппен есептегенде шыққан шығынды ақтай алмайды әрбірден кейін. Ал мына бағамен халық қалай жан бағады? Тапқан-таянған әуелі осыған жетпей қалады. Халықтың жағдайы өте қиын.

Дәулетбай Құрманбайұлы, шаруа:

- Мысалы біз егеміз, ол бағаға өткізе алмаймыз. Жүгері, беде қымбаттады деген сөз бәрі қымбаттады деген сөз. Етіңіз де, басқа азық-түлігіңіз де қымбаттайды. Кішкене жермен жан бағып отырмыз. Үкіметтен ештеңе сұрап отырғанымыз жоқ. Жүгеріні қымбаттатамыз енді. Басқа амал жоқ енді.

Алматы облысында былтыр 581 мың тоннадан аса жүгері жиналды. Соның 33%-ін Панфилов ауданының шаруалары өсірген. Судың қымбаттауы бұл көрсеткіштің кемуіне ықпал етуі мүмкін.

Шухрат Құрбанов, Панфилов ауданы әкімінің орынбасары:

-Біздің шаруаларға өте ауыр. Өйткені біздің ауданның тастақ жерлері көп. Қазір егіп жатқан 26 мың га жердің 50%-і 13 мың га тастақ жер. Судың бағасы көтерілгеннен кейін жүгерінің бағасы да автоматты түрде көтерілуі керек. Ал сатып алатын баға көтеріледі деген жоспар жоқ. Сол үшін шаруалар үшін ауыр болып жатыр. Біз жоғарғы жаққа бұны түсіндіріп, жеткізуге жұмыс жасап жатырмыз.

Аслан Жеңісұлы, «Қазсушар» РМК баспасөз хатшысы:

- Республиканың барлық өңірінде суармалы су тарифінің бағасы өсті. Бұрын судың бір текше метрі 1826 теңгеге бағаланса, қазір 2057 теңгеге өсті. Айта кету керек, тарифтің көтерілуі шикізатқа тікелей байланысты. Яғни мәселен, электр энергиясының және жанар-жағармай, көмір құнының көтерілуіне себепкер болды.

Шаруалар су бағасын былтырғы тарифпен қалдыру керек деп есептейді. Талап орындалмаса, диқандар Президентке хат жазып араша сұрамақ.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы