Елордада ойын алаңына шағымданған ата-ана көбейді

Көктем келіп, күн жылынғалы елордада ойын алаңына шағымданған ата-ана көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірі тазалық нашар десе, енді бірі қауіпсіздік қамтылмаған, ойын құралдары қирап тұр деп алаңдайды.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Шағылған шыны, қураған құты. Бауыржан Момышылы 4 мекенжайында орналасқан көп қабаттың үйдің ауласындағы көрініс осы. Бұл жер тұрғындар тынығып, бүлдіршіндер бейқам ойнауы тиіс. Алайда ата-аналар баласын аулаға жіберіп, алаңсыз отыра алмайды.

Гүлжан Аймұхаметова, көп қабатты үйдің тұрғыны:

- Біріншіден, лас жерде ойнау балалардың денсаулығына қауіпті. Құмның арасында бөтелкенің сынығы көп. Оның үстіне бұл аула ғана емес, автотұрақ. Әртүрлі жүргізуші бар. Баламызды қараусыз бір сәтке қалдыра алмаймыз.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Мынау осыдан бір апта бұрынғы көрініс. Аулада асыр салып жүрген алты жасар баланың қолы тозығы жеткен сырғанаққа қысылып, саусақсыз қалды. Осыдан кейін бұл үй тұрғындарының да уайымы күшейді. Пәтер иелері кооперативіне де өтініш айтқан. Қызмет көрсетуші компания «құзырымыздағы шаруаны тап-тұйынақтай тындырып келеміз, бірақ алаңқайға қойылған ойын құралдарын әкімдік күтіп ұстауы тиіс» дейді.

Қалдықыз Бекмырзаева, Пәтер иелері кооперативінің басшысы:

- Аудандық әкімдікке бірнеше рет өтініш айттық. Бірақ әлі жауакп ала алған жоқпын. Футбол алаңы да тозған. Оны жаңартуға өтініш жазып, тұрғындардың қолын жинап жатырмын. Жақын арада тапсырамын.

Ауланың тазалығы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселе елордадағы бірнеше үйге ортақ. Мәселен Алматы ауданына қарасты мына үйдегі жағдай да алдыңғысына ұқсас. Тұрғындар әкімдіктен жауап күтіп отырғанын айтады.

Мәрияш Иманқұлова, көп қабатты үйдің тұрғыны:

- Доп ойнайтын алаңның беткі қабатын әкімдік қызметкерлері былтыр алып кеткен еді. Ауыстырамыз деген. Бірақ әлі жоқ. Жөнге келтіріп, жаңасын төсейтін уақыт жетті ғой. Алдымыз жаз.

Материалды дайындау кезінде кездескен кемшіліктер қашан жойылатынын білу үшін Алматы ауданының әкімдігіне сұрақ жолдадық. Екі күнде ресми жауап келмеді. Яғни, аулалардың да қашан жөнделетіні белгісіз қалып отыр.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Ербол Дайыров, Марат Диханбаев