Атырау облысында су тазарту нысаны салынып жатыр

Атырау облысында экологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында жаңа жоба қолға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, NCOC компаниясы судың тұтыну шығыны мен қоршаған ортаға келетін зиянды азайтатын ірі жобаны іске қоспақ. Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов мұнайлы өңірге арнайы ат басын бұрып, құрылыс барысымен танысты.

NCOC компаниясының бұл жобасы Астрахань – Маңғыстау құбыр желісінен алынатын су көлемін шамамен 70%-ке қысқартуға бағытталған. Сондай-ақ мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысынан келетін сұйықтықты қосымша тазарту арқылы булану тоғандарына жіберілетін су сапасын жақсартатын болады.

Зұлфухар Жолдасов, Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы:

- Жобаны іске асыру нәтижесінде судағы метанол мөлшері 60%-ке, мұнай 95%-ке, күкіртсутегі-70%-ке төмендейді. Сондықтан бұл экологиялық тұрғыдан өте маңызды шара. Сонымен қатар Астрахань – Маңғыстау магистралінен алатын су мөлшерін азайту да үлкен маңызға ие.

Мердігер мекеме алаңдағы негізгі құрылыс жұмыстарын орындауға кірісіп кеткен. Қызметкерлер де жұмылдырылып жатыр. Сондай-ақ жаңа қондырғы бойынша толық жобалау, жабдықтарды сатып алу және дайындау жұмыстары жүргізілуде.

Нұраш Әжіғалиев, компанияның Еңбек және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры:

- Бұл жобаның маңыздылығы – күкіртті өңдеген кезде бізде су пайда болады үлкен көлемде. Сол суды қайтадан зауыттың мұқтажына қолдануға жағдай тудырады мына жоба. Қазір тек қана 30% суды қайтадан зауыттың мұқтаждарына қолданып тұр. Мына жоба қосылғаннан кейін қайтадан қолданатын суымыздың мөлшері 70%-ке дейін жетеді.

Қазір құрылыс алаңында 150 адам жұмыс істеп жүр. Жазға қарай олардың саны 700-ге дейін артады. Жаңа су тазарту нысандарының құрылысы 2022 жылдың қазан айында аяқталады деп жоспарланған.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов