Ақтөбеде карантиндік талаптар жеңілдетілді

Ақтөбеде оқушы саны 300-ден аспайтын мектептер дәстүрлі білім беруге оралады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Базарлар мен сауда орталықтарының шектеусіз қызмет етуіне рұқсат берілді. Өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына байланысты облыстың бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Оған сәйкес жоғары және орта білім беру мекемелерінің бірінші курс студенттері мен мектеп-интернат оқушылары офлайн білім алуға көшеді. Мәдениет ошақтары мен компьютер және боулинг-биллиард клубтары, караоке мен банкеттік залдар да ашылады. Алайда оларға «Ашық» қосымшасын пайдалану міндеттелген. Санитар мамандар ашық аспан астында ұжымдық жұма намазын өткізуге де рұқсат етті. Өңірде қатерлі дерттің таралу қарқыны бәсеңдегені байқалады. Дегенмен мамандар сақтық шараларын да естен шығармау қажет дейді.

Мұхтар Сербаев, Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Қазіргі эпидемиолгиялық жағдай өте құбылмалы болып отыр. Сондықтан сақтық шараларын ескерген жөн. Тағы да айтамыз маска тағу, арақашықтықты сақтау, адамдар көп шоғырланған жерлерге бармау, өзінің жеке бас гигиенасын сақтау. Осы қарапайым қағидаларды ұстануды сұраймыз.