Жеңіс күні: Ұлы Отан соғысы ардагерлері қандай төлемдер алады?

Соғыс ардагерлеріне теңестірілген 2 мыңнан астам азамат баспана кезегінде тұр.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдерімен өткен брифингте мәлім болды. Жалпы елімізде соғысқа қатысқан көзі тірі 665 ардагер бар. Ұлы Жеңіс мерекесіне орай, барлығына бір миллион теңге көлемінде әлеуметтік төлем жасалады. Мәлім болғандай, Қазақстандағы ардагерлерге арналған мерекелік төлемнің соммасы көршілес елдермен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Мәселен, Өзбекстанда 500 мың теңге шамасында төленсе, Ресейде бұл сома 60 мың теңге көлемінде ғана. Мереке қарсаңында соғыс ардагерлерінің жұбайлары мен тыл ардагерлеріне 30 мыңнан, ал Ленинград қоршауында болғандарға 50 мыңнан қарастырылған. Жалпы бір реттік әлеуметтік төлемнен бөлек, ардагерлер түрлі жеңілдіктерге ие.

Ерлан Әукенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Төлемдер барлық өңірде аударылуы тиіс. Мысалы, 14 өңірде бұл төлемдер бүгінде толық аударылған. Қалған 3 өңірде бұл жұмыс 9 мамырға дейін аяқталады. Бұдан бөлек, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 76 жылдығына орай естелік сыйлықтар табысталады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі мәлімдегендей, барлық өңірде қариялардың бос уақытты тиімді өткізіп, денсаулығын жақсартуға арналған орталықтар ашылмақ. Қазір олардың санын көбейту көзделіп отыр.

Ерлан Әукенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Әлеуметтік тапсырыс аясында жыл басынан бері мұндай орталықтар еліміздің 7 өңірінде ашылған. Орталықтар бір терезе қағидасы бойынша үш түрлі бағытта жұмыс істейді. Атап айтқанда, ұзақ жасаудың қыр-сырын меңгеру, денсаулықты нығайту және замандастарымен араласу. Мұндай орталықтардың мақсаты бір – қариялардың өмір сапасын жақсартып, бос уақытын жүйелі өткізуді қамту.