Қызылорда облысында соғыс ардагерлеріне 1 млн теңге әлеуметтік көмек беріледі

Жеңістің 76 жылдығына орай Қызылорда облысында соғыс ардагерлеріне 1 миллион теңге әлеуметтік көмек беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл үшін жергілікті бюджеттен 116 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Сонымен бірге Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік социалистік республикалар одағы ордендері және медальдарымен марапатталған 35 адамға 100 мың теңге қаржылай сыйақы табысталады. Мұнан бөлек, қайтыс болған соғыс мүгедектерiнiң және соларға теңестiрiлген мүмкіндігі шектеулі жандар, қатысушылардың әйелдерiне, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда кемінде 6 ай жұмыс істеген азаматтардың әрқайсысына 100 мың теңге қаржылай көмек беріледі. Бүгінгі күнге облыста Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оларға теңестірілген 3756 ардагер бар. Оның 11-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері.