«Жеңіс» жобасының еріктілері ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін құттықтайды

Қазақстанда Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін қолдауға бағытталған «Жеңіс» жобасы 6 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Жылдан жылға жобаның еріктілері өз қамқоршыларына әртүрлі көмек көрсетуде: олар азық-түлік пен дәрі-дәрмек апарып береді, кішігірім жөндеу жұмыстарын жүргізеді немесе ауланы тазалай алады. Сондай-ақ қазіргі жағдайда жұқтыру қаупін болдырмау үшін қауіпсіздік шаралары сақталады.

Бүгінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанда 600-ден астам ҰОС ардагері және 88 000-нан астам тыл еңбеккерлері тұрады. 600-ден астам еріктіден тұратын волонтерлер желісі Нұр-Сұлтаннан бастап Ақсайға дейінгі 35 елді мекенде жұмыс істейді.

Еріктілер өз қамқорлығындағы адамдарға жыл бойы барып тұрады, оларға қандай көмек қажет екенін анықтайды. Жалғыз тұратын немесе денсаулығына және әлеуметтік жағдайына байланысты көмекке мұқтаж адамдарға ерекше назар аударылады. Соңғы жылы жоба еріктілері 6 200-ден астам рейд жүргізді.

Жеңістің 76 жылдығы қарсаңында еріктілер рейдтер жүргізіп, азық-түлік себеттерін ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің есіктеріне дейін жеткізеді. 1400 ардагер мен тыл еңбеккерлерін құттықтау жоспарланған. Кейбір аудандарда еріктілер Ұлы Отан соғысына қатысушыларға музыкалық құттықтаулар ұйымдастырады, соғыс әндерін шырқайды және музыкалық аспаптарда ойнап ерекше көңіл күй сыйлайды.