Президент бүгінгі күннің батырларын марапаттады

Президенттің қолынан мемлекеттік награда алғандар сапында қатардағы қызметкер де, басшы да бар.

Жараланса да, қылмыскерді уысынан шығармаған, өрт ішінен адам құтқарған, шекарада ел күзеткен. Олардың ерлік ісін Мемлекет басшысы елеусіз қалдырмады. Лайықты марапатын беріп, азаматтардың рухын көтерді.

Қалай дейсіз ғой. Екінші айдың сегізінде Өскеменнің полиция басқармасына тұрғындардың бірінен «көршіміз тыныштықты бұзды» деген шағым түседі. Әлгі жерге әріптесімен бірге Осы Нұржан Кәкеев жетеді. Барса екі азаматтың ішімдікке сылқия тойғанын көреді.

Әлгі екеу көп сөзге келмей Нұржанның мойын тұсына пышақ сұғып, оқиға орнынан қашпақ болады.

Нұржан Кәкеев, Өскемен қаласының полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының инспекторы:

– Жарақатыма қарамастан артынан қуып жетіп әріптесіміз екеуміз қылмыскерді тұтқындадық. Сол ерлігім үшін Президент мырзадан ІІ дәрежелі «Айбын» орденін алдым. Президент мырзаға ризашылығымды білдіремін.

Ал Дәурен Нәрікбаев Талдықорғанның полиция басқармасында қызмет етеді. Бұл да – бейбіт күннің батыры.

Өрт ішінен адамды аман алып шыққан. Сол үшін бүгін Ақордада «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.

Дәурен Нәрікбаев, Талдықорған қаласының полиция басқармасы патрульдік полиция ротасының инспекторы:

– Бұл ерлікті ерлік деп санамаймын. Өрттен адам шығарып адамдарды құтқарғанымыз үшін Президентіміздің қолынан марапатталып жатырмыз. Көптен көп алғыс.

Президенттің қолынан марапат алғандардың тағы бірі – Қуанышбек Үштаев. Ерен еңбегін елеп, Қасым-Жомарт Тоқаев әскериге генерал-майор атағын берді.

Қуанышбек Үштаев, шығыс өңірлік қолбасшылығының штаб бастығы:

– Жұмыс істеген ұжымымның арқасында әскери шенді алдым. Елбасымызға, Жоғарғы Бас қолбасшымызға үлкен алғысымды білдіргім келеді. Қазақстанымыз көркейіп, жоғары деңгейлерге жете берсін. Әрқашан елімізде тыныштық, бақыт болсын.

Қуанышбек Үштаев елдің тұтастығын шығыста жүріп қорыса, Бауырғали Имашев Каспийдегі шекарамыздың бүтіндігіне жауапты. Әскери теңіз күштерінің командирі.

Бүгін сардардың кеудесіне Мемлекет басшысы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін тақты.

Бауырғали Имашев, Қорғаныс министрлігінің 21814 әскери бөлімі зымыран-артиллериялық кемесінің командирі:

– Жауынгерлік ерлігі үшін марапат әр әскери қызметшінің арманы деп ойлаймын. Президент мырзамыздан алған мен үшін де үлкен мәртебе, құрмет. Негізі айтады, жеке құрам командирдің абыройы үшін жұмыс істейді деп. Сондықтан бұл награда менің арқамда емес, менің жеке құрамымның арқасында деп ойлаймын.

Бауыржан Момышұлы «Еліңді сүймей, ерлік жасай алмайсың» деген екен. Марапат алғандар батыр бабамыздай соғыс көрмеген. Көрмесін де. Бірақ елдің бүтіндігіне, жұрттың амандығына.

Тікелей жауапты осы азаматтар. Еңбекті елеген Президент те бүгінгі марапатты «Мұқым әскерге, күштік құрылымға деген құрметтің бағасы», – деді.

Қорған Қонысбайұлы