Қостанай облысындағы Ряжск ауылының тұрғындары алғашқы медициналық көмекке мұқтаж

Жергілікті фельдшерлік-акушерлік бекет екі жылдан бері жабық тұр. Дәрігерлердің ауылға келгісі жоқ.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

– 600-дей тұрғыны бар Ряжск ауылы шағын амбулаторияға қарап отыр. Ауырып ем іздегендер бір жыл бойы аудан орталығына немесе қалаға сабылуға мәжбүр. Дәрігердің жоқтығынан түрлі қайғылы жағдайлар жиілеген дейді тұрғындар. Сондықтан жеделдетіп емдеу мекемесін іске қосуды талап етіп отыр.

Екінші жыл қараусыз тұрған акушерлік пункттің ғимараты осы. Дәрігерлердің жоқтығынан кабинеттердің есігі ілулі. Ем жасауға қажетті құрылғылар болғанымен ешкім қолданбайды. Ғимаратқа санитар-дәрігер мен пеш-жағушы ие болып отыр. Ал фельдшер атымен жоқ.

Әсемгүл Жампеисова, Ряжск ауылының тұрғыны:

– Күзде бір жасар баламның дене қызуы көтеріліп, есінен танып қалды. Содан жан ұшырып таксимен аудан орталығына жол тарттық. Әрең жеттік. Егер фельдшер болса, мұндай жағдай болмас еді.  

Ряжсктен аудан орталығына дейінгі аралық – небәрі 15 шақырым. Осы қысқа қашықтық үшін таксиді 3000 теңгеге жалдаймыз дейді тұрғындар. Ал емдеу мекемесіне қарасты жедел жәрдем көлігі дәрігерсіз тек шұғыл қоңырауларға ғана шығады.   

Инна Мезгова, Ряжск ауылының тұрғыны:

– Наурыз айында нәрестелерге екпе салдыру үшін дәрігерлер келген. Сол күні қатты боран болғандықтан, фельдшерлі пункттің іші суық еді. Ауыл әкімі балалар үшін ешқандай жағдай жасамады. Осыған көзім жетіп, мектеп директорынан жылы кабинет сұрап алдым. Бәрін сол жаққа апардым. Өз кезегінде дәрігерлер де керек-жарағынсыз келіпті. Олар суық парта үстінде нәрестелерге екпе салып жатты.

Мұнда болған соңғы фельдшер зейнеткерлік шығуына байланысты жұмыстан кеткен. Ал жаңадан маман тарту мүмкін болмай тұр. Әкімдік оларға көтермеақы, баспана ұсынса да ауылға ешкімнің келгісі жоқ.

Әміржан Бақытжанов, Ұзынкөл аудандық ауруханасының бас дәрігері:

– Оның алдында жас мамандар болды. Олар үш жыл бойы өзінің жұмысын өтеп, сосын Лисаков қаласына көшіп кетті. Осы жылы мен Арқалық қаласына бардым. Сонда 8 жас маманмен келісімге отырдым. Бір-екі шағым болды, ауылға жеткізу қиын, жол нашар деген сияқты. 103-ке звондаса жедел жәрдем келеді. Өзінің уақыттары болады шығатын. Соған байланысты келеді.

Кадр мәселесі шешілмейінше, тұрғындарға емді аудан орталығында қабылдаудан басқа амал жоқ. Ауылға дәрігер тек жазда келіп қалуы мүмкін. Оның өзі нақты емес.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров