Өскемендегі дүкен сөрелерінен алынған ойыншықтар бала ағзасына қауіпті болып шықты

Оларды тексерген мамандар кейбір ойыншық түрін жалаң қолмен ұстауға болмайтынын ескертті.

Өйткені фенол, формальдегид сынды қоспалары мөлшерден екі есе артық. Пластикалық ыдыс-аяқпен ойнаған соң баланың жүрегі айнып, басы айналып, лоқсуы мүмкін. Ал формальдегидтің ойыншық құрамында тым көп болуы қатерлі ісік ауруына шалдықтыруы ықтимал дейді мамандар. Ең сұмдығы, бұл қоспалар ас ішерде баланың алдына тағатын пластикалық жапқыштар құрамында да көп кездескен. Бұл қауіпті ойыншықтардың көпшілігі Қытай мен Өзбекстанда өндірілген. Енді сол елдерге тиісті құжаттар жіберілгелі жатыр. Ал сатушылар мен импорттаушылар айыппұл төлейді.

Алёна Кравченко, ШҚО санитариялық–эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Біз қандай шаралар қолдана аламыз деген сұраққа келетін болсақ, осы ойыншықтар сатылымнан алынады. Екіншіден, әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарастырамыз. Үшіншіден, барлық талапқа сәйкестік туралы құжат күшін жойып, бұл тауарларды өндіру мүлдем тоқтатылуы да ықтимал.