Елорда мешіттері жұма намазына дайын ба?

Қазақстанда мамырдан бастап жұма намазын жамағатпен оқуға рұқсат берілді.

Алайда жұрт намазды мешіт ауласында ашық аспан астында оқуы тиіс. Құлшылыққа келген әр азамат санитарлық талаптарды сақтап, ортақ тәртіпке бағыну қажет.

Қасиетті Рамазан айында құлшылықты молайтқан абзал. Еліміздің бас санитар дәрігерінің қаулысы негізінде мешіттердің ауласындағы жазғы алаңқайда жұма намазы оқылады. Ендігі мәселе – жамағат жауапкершілікті сезініп, санитарлық талаптарға бағынып, бетперде тағып, 4 метрлік ара қашықтықты сақтап құлшылыққа келуіне болады. Індетті таратпау оған бей-жай қарамау ләзім.

Ағабек Қонарбайұлы, ҚМДБ баспасөз хатшысы:

– Жамағатқа үйден дәрет алып келіп, мешітте жұма намазын оқып парыз намазынан кейін бірден үйіне қайтуды сұрап жатырмыз. Өйткені бір адамның жұқпалы індетті таратпауы бұл әуелі өзінің отбасы алдындағы, қоғам алдындағы тіпті мемлекеттің алдындағы азаматтық жауапкершілігі деп айтар едік. Біздің мешіттеріміз бұл жағдайға әбден дайын. Аулада барлық адамға азанның даусы жеткілікті естіледі. Оған біздің техникалық құрал жабдығымыз сай келеді.

Жұмада уағыз айтылмайды. Имам намаздың тек парызын жамағатпен бірге оқиды. Сосын мешітке келгендерге қол алысып, иық қағысуға болмайды.  

Ақтөбе мешіттерінде де бүгін қауырт тазалық жұмыстары жүргізілуде. Өңірдің бас санитар дәрігері облыстағы эпидемологиялық ахуал тұрақталған соң ұжымдық жұма намазын өткізуге рұқсат еткен болатын. Яғни діни рәсімдерді мешіт ауласында ұйымдастыруға мұрсат бар. Осыған орай жамағат әлеуметтік арақашықтық сақтап, бетперде тағуы міндет. Жайнамазды да әрбір жан өзімен бірге ала келуі шарт. Облыс орталығындағы «Нұрғасыр» мешітінің ауласына шамамен 2 жарым мың адам сияды. Алайда тиісті аралықты сақтау үшін ертеңгі жұма намазына тек екі мыңы ғана орналасуы тиіс.

Төлеби Оспан, Ақтөбе облысының бас имамы:

- Бұл күнді біздің жамағат қуанышпен қарсы алып отыр. Бұған дейінгі де карантиндік шараларына түсіністікпен қараған Ақтөбенің жамағаты, жұртшылығы сыртта оқу талап тәртіптерін де сақтап, жұма намазын оқимыз деген үміттеміз.

Түркістан облысында көпшілікпен бірге жұма намазын оқуға әзірге тыйым салынған. Аймақ вирустың таралу жылдамдығы бойынша жасыл аймақта болса да, жабық мекеме ішіне топтасып жиналу қауіпті дейді мамандар. Алайда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының айтуынша, өңірдегі эпидахуал жақсаратын болса, онда қайтадан көпшілікпен бірге намаз оқуға рұқсат етіледі. Түркістан облысында 750 мешіт бар. Карантинге дейін өңірдегі әр мешітке бір мыңнан бес мыңға дейін жамағат жиналатын.

Нұрбек Байбосын, Ержан Қанапияұлы

Сондай-ақ...