Қарағандылық шебер диверсант-иттерге диорама жасады

ҰОС-да иттердің де ерлігі ерен болды.

Ұзақ жылдан бері әскери тақырыпта шағын диорамалар жасап жүрген Радик Абдрахманов биылғы еңбегін диверсант-иттерге арнапты.

Бұл шебердің жаңа туындысы. Шағын диорамада алып танктің астына ентелеген жаужүрек итті көруге болады. Туынды өте шынайы шыққан. 

Радик Абдрахманов, шебер:

– Соғыстың бізге беймәлім тұстары көп. Мәселен, отты жылдары төртаяқтылар түрлі жұмыстарға тартылған. Ең қорқыныштысы, оларды жаудың танкін жоюға пайдаланған.

Тарихи деректерге жүгінсек, соғыс жылдары иттердің көмегімен жаудың 300 жынжыр табаны жойылған. Төртаяқтылардың арқасына жарылғыш зат байлап, оларды әскери техниканың астына кіруге үйретіпті. Тіпті Сталинград түбіндегі шайқастардың бірінде итті көріп қалған немістер шегінуге мәжбүр болған. Ол аздай, адамзаттың сенімді серігіне айналған жануарлар байланыс орнату үшін сым тарту жұмыстарына жегілетін. Өкінішке қарай, осы ақпараттар қазір еш жерде айтылмайды. Ал Радик Абдархманов тарихты жаңғыртып, биылғы еңбегін жаужүрек иттерге арнаған.

Радик Абдрахманов, шебер:

– Мына жұмысты аяқтау үшін бір ай еңбектендім. Мен кез келген туындыны бастамас бұрын көп ізденемін, кітап оқимын. Тақырыпты әбден басымда пісіріп алып, кейін қағазға түсіремін. Тек сосын ғана макетін жасаймын.

Диорама жасағанда майдан даласының шынайы көрінісін беру – басты ұстанымым дейді шебер. Ол туындыға түрлі материал пайдаланады. Тіпті, кейбір бөлшектерінің көлемі миллиметрге де жетпейді екен.

Радик Абдрахманов, шебер:

– Бөлшектер 50-де 50. Кейбірін дайын конструктордан алсам, қалған жартысын қолдан жасаймын. Ең бастысы, шынайы шығу керек. Сонда көрген адам әсер алады.

Шебердің қоржынында әзірге соғыс тақырыбындағы диорамалар ғана бар. Келешекте өзге тақырыпты да қамтып, шығармашылығын шыңдамақ.

Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев