Көкшетаудың өрт сөндіру қызметі кешенді дайындықтан өткен мамандармен толықты

Отан қорғаушылар күні қарсаңында Көкшетаудағы өрт сөндіру бөлімдері кешенді дайындықтан өткен құтқарушылармен толықты.

Бүгінде Ақмола облысында 2 мыңнан аса төтенше жағдайлар қызметкері бар. Оның 600-ден астамы кәсіби құтқарушылар. Олар былтыр 2 мыңдай шақыртуға шығып, 1 мыңнан аса адамның түрлі қауіптен аман қалуына сеп болған. Қызмет барысында өз басын қатерге тігеді. Дегенмен, осындай аса жауапты жұмысқа қызығатындар көп.

Нұрлан Атығаев, Ақмола облыстық ТЖД бастығы:

- Бүгін ант қабылдаған қызметкерлер, психологиялық және дене дайындығы секілді жан-жақты әзірліктен өткен. Тіпті алғашқы көмек көрсету үшін белгілі бір деңгейде медицинаны да меңгерген деуге болады. Қазір өрт сөндіру және құтқарушы мамандығы өте жоғары сұранысқа ие. Халық арасында да қызығушылық басым.