Тәуелсіздік жылдары Ақмола облысында 32 полицей қызмет барысында қаза тапқан

Тәуелсіздік жылдары Ақмола облысында 32 полицей қызмет барысында қаза тапты.

Ең өкініштісі, олардың көбі жастай кеткен. Мәселен, степногорлық Қайрат Жүсіпбаев 30 жасында қарулы қылмыскерлердің қолынан қаза тапса, Целиноград ауданы полиция бөлімінің қызметкері болған Жеңіс Көптенов 29 жасында көшеде бір топ бұзақының қолынан мерт болды. Атбасарлық Серік Мұхамеджановты орда бұзар жасында маскүнем атып тастаған. Бақилық болған полицейлердің арасында нәзік жандылар да бар. Ботагөз Бижанова жалдамалы кісі өлтірушінің қолынан қаза тапты. Марқұм болған сақшыларды әріптестері әрдайым еске алып отырады. Осы мақсатта бірнеше фильм де жарық көрген.

«Олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды», - дейді құзырлы орган өкілдері.

Елімізде 1000-ға жуық полицей қызметтік борышын өтеп жүріп қайтыс болған.

Ғалымжан Садықов, облыстық ПД Басқарма басшысының орынбасары:

- Қаза болған қызметкерлерді жас өсіп келе жатқан және сапқа келіп жатқан жаңа қызметкерлер арасында үлгі ретінде көрсетеміз. Олар туралы бізде полиция департаментінде мұражай орнатылған. Осы полицейлердің қызмет атқарған жерлерінде ерлік бұрыштары бар. Олардың барлығына тағзым етіледі.