426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Сарбаз» екінші рет үздік жауынгерлік кеме атанды

  • 155
  • UPD: 15:53, 07.05.2021

Теңіз-шекара флотының «Сарбаз» кемесі екінші рет «Үздік жауынгерлік су көлігі» атанды. Әскери кеменің жеке құрамы былтырдан бері Каспийде заңсыз балық аулаған браконьерлік топтардың жолын 3 рет кесті.

Бұл «Сарбаз» зымыранды-артиллериялық кемесінің машина бөлімі. Қуатты қозғалтқыштың ақаусыз жұмыс істеуіне жауапты механиктер тобына Ерболат Маханбет жетекшілік етеді. Ол Шымкент қаласының тумасы. Отан алдындағы борышын осы корабльде өтеген жігіттердің бірі. Былтыр келісім-шарт бойынша әскери қызметке ауысты. Аз уақытта шені қатардағы матростан 1-дәрежелі старшинаға дейін көтерілді. Ендігі мұраты теңізшілер дайындайтын жоғарғы оқу орнына түсу.

Ерболат Маханбет, 1-дәрежелі старшина:

- Бала кезімнен армандағанмын кемеде қызмет жасаймын деп. Сол арманым орындалды. Қызмет барысында көргенім, бізде «тұрақты құрам» дейді ғой. Сондай салт-дәстүр бар. Сол құрам кісілерінің қызы өмірге келсе, жаңағы кісіні суға лақтырады. Ал балалы болса өздерінің атынан дастарқан жайып береді.

Жеке құрам 27 адамнан тұрады. Әрқайсысы командир Әсет Ахметжанды үлгі тұтады. Бұған себеп те жоқ емес. 3-дәрежелі капитан басқаратын шекара кемесі күші 3 балдық асау толқынмен алысып, браконьерлерді ұстады. Тәжірибелі теңізші қаскүнемдердің ауа райы қолайсыз күні Каспийге шығатынын жақсы біледі. Мұндай мезгілде экипаж жауынгерлік жорықтан олжасыз оралған емес. 

Әсет Ахметжан, кеме командирі:

- Сол күні теңіз беті анық көрінбеді. Кенеттен байда көзге түсті. «Тоқта» деп команда беріп едік, қаша жөнелді. Кеменің атыс қаруынан оқ ататын офицер - мерген жігіт. Дәл көздеп қайық моторын қиратты. Тінту кезінде 10-ға жуық жәшікке бөлініп салынған ау-тор мен 800 келіге жуық бекіре балығын таптық. Шекара бұзған 4 адам Әзербайжан елінің азаматтары болып шықты. 

«Сарбаз» шекара кемесі отандық зауытта құрастырылған. Әскери су көлігі теңіз астынан келетін қатермен күресуге де қауқарлы. Гидроакустикалық станция корабльден бірнеше шақырым қашықтағы сүңгуір немесе қайық жүрген аумақты дәл көрсетеді. Ал артиллериялық қондырғы минутына 1000 снаряд атып, 5 километр жердегі нысананы жояды.   

Авторлар: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы