Алматыда ардагерлердің құрметіне ерекше концерт қойылды

Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының әртістері майдангерлер тұратын үйге барып, терезе алдында концерт қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматылық ардагер Владимир Якубовтың жасы 96-да. Ол I, II дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз», ордендерінің иегері. «Ерлігі үшін» және Будапешт пен Венаны алғаны үшін медальдарымен марапатталған. Қарт жауынгер балконға әскери киімін киіп, наградаларын тағып шықты. Үрмелі аспаптар оркестрі орындаған шығармаларды көзіне жас ала тыңдады. Леонид Першиннің жасы да жүзге жақындаған. Ол да майдан даласында II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және бірнеше медальмен марапатталған. Екі қарт та індетке байланысты далаға шықпайды. Шараны ұйымдастырушылар қарт жауыгерлерге көтергіш техникамен шығып, гүл шоғы мен сыйлықтар табыстады.

Ғазиза Ғабдрахимова, Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясы директорының орынбасары:

- Осы Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңіс мерекесімен барша қазақстандықтарды құттықтаймыз. Әрқайсысымыздың борышымыз. Осы Отанымызды қорғап ата-бабамыздан қалған жерімізді, елімізді, дәстүрімізді, үлкен қарттарымызды қорғап, қастерлейік. Сол себепті алғыс білдіреміз. Осындай акцияны ұйымдастырып жатырмыз. Жеңіс ұзағын болсын.