Биыл ШҚО-да Жеңістің 76-шы көктемін 79 ардагер қарсы алғалы отыр

Ресми дерек бойынша Шығыс Қазақстан облысынан майданға 180 мың азамат аттаныпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

83 мыңнан астамы оралмаған. Көзі тірі қарт жауынгерлердің қатары да сиреп барады. Қазір өңірде 79 ардагер бар. Жағдайға байланысты салтанатты шеру өтпейді. Сондықтан жастар қарттарды Жеңіс күнімен арнайы барып құттықтап жатыр.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Хауа Бұланбаева соғыс жылдарында ұстаздық етіп, эвакуацияланған кішкене балаларды білімге баулуды тоқтатпаған тыл ардагері. Тынымсыз еңбекпен Жеңіс күнін жақындатқан қазақтың қайсар қыздарының бір үлгісі. Айта кетейік, бірнеше күн бұрын Хауа әжейді биылғы құттықтаулар тізімінен алып тастағаны туралы ақпарат тараған еді. Немересінің айтуынша, облыстық ардагерлер кеңесі бастапқыда құттықтауға келеміз деп, соңынан бас тартқан. Бұл жайт ешкімді бей-жай қалдырмады. Алайда бұның қоғамдық ұйым тарапынан жіберілген қателік екені анықталды. Осылайша, тыл ардагеріне облыс басшылығы арнайы барып, сый-сияпатын көрсетті. Жасы жүзді алқымдаған кейуана болса ақ батасын арнады.

Хауа Бұланбаева, тыл ардагері:

- Ақ дарысын, Қыдыр дарысын, Қыдыр ұяласын, жандарың аман болсын, жамандық көрмеңдер.

Ал Шемонаиха ауданындағы Ұлы Отан соғысының ардагері Алексей Фирсовты облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің өкілдері әдеттегідей салтанатты түрде Жеңіс күнімен құттықтап шықты.102 жастағы жауынгерге түрлі сыйлықтар мен кәдесыйлар табыстады. Skype арқылы концерттік бағдарлама да көрсетті.Ғасыр ғұмырлы қария 267-ші артиллерия полкінің сапында талай қанды шайқасқа қатысып, соңынан Жапония соғысына да куә болыпты. Бүгінде ол «біз сұрапыл соғысты жеңіспен аяқтадық, ендеше елді жайлаған індеттің де бетін қайтара аламыз», деп жұрты жігерлендіріп отыр.

Алексей Фирсов, ҰОС ардагері:

- Соғысты көрдік, оны да жеңіспен аяқтадық..Ендеше жұмыла білсек, осы бір індетті де жеңе аламыз. Ол үшін мамандар мен сарапшылардың кеңесіне құлақ түріп, әркім өз жауапкершілігін арттыру керек.

Алекей Фирсов «үнемі тек жақсылықтан үміттену керек» дейді. Сондықтан «әлі менің 105 жасымды тойлатуға келесіңдер» деп, қонақтардың көңілін көтерді.

Ольга Горшкова, ардагердің немересі:

- Атам ұрпақ үшін бейбіт аспан сыйлады. Өз өмірін от пен оқтың арасында өткізді. Сол үшін құрметім шексіз. Оны жыл сайын ұмытпай, құттықтап жатқандарға да ерекше ризашылығымды білдіремін. Өйткені ардагерлеріміздің қатары күн санап сиреп барады ғой.

Биыл өңірде Жеңістің 76-шы көктемін 79 ардагер қарсы алғалы отыр. Мерейлі датаға орай олардың әрбіріне 1 миллион теңгеден көмек көрсетілмек. Ленинградтық қоршауда болғандар мен концлагерь тұтқындары және тыл еңбеккерлері де ұмытылмайды. Жалпы облыс қазынасынан 700 миллион теңгеден астам қолдау қаражаты қарастырылған.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов