Маңғыстау облысындағы «Голубая бухта» жағажайы күл-қоқыстан тазартылды

Айтылған сыннан нәтиже бар. Маңғыстау облысындағы «Голубая бухта» жағажайында тау боп үйілген қоқысты күні кеше эфирден көрсеткен едік.

Түпқараған ауданы әкімдігі дереу тазалау жұмыстарын ұйымдастырыпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарты тәулікте 2 тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналып, полигонда жойылған.

Талғат Исламұлы, тілші:

- «Голубая бухта» жағажайы Ақтаудан 63 шақырым қашық жер. Таулы-жартасты мекен туристердің сүйікті орны. Әсіресе, күн жылыда демалушылар шатыр тігіп, бірнеше күн аялдайды. Әуесқой түсірілім авторы Павел Худяков мамыр мерекелерін сол жерде отбасымен атап өтуді ұйғарған. Қала тұрғынымен телефон арқылы тілдесудің сәті түсті.

Павел Худяков, Ақтау қаласының тұрғыны:

- Қазір көлікпен жүріп келем. Оң жағымда әлі де болса қалдықтар шашылып жатыр. Мәселені шешу үшін мынадай ұсынысым бар: Ақтау – Форт-Шевченко жолында жол полициясы жүреді. «Голубая бухтадан» шыққан көлік сырты әдетте шаң болып тұрады. Тоқтатып, қорабын тексеру керек. Қоқыс салынған қапшық болмаса шара қолдану керек. Болмаса, Түлкілі сай аумағында қоқыстарды сұрыптап, сатып алатын бекет қою қажет.

Бұл аумақ Түпқараған ауданына қарайды. Мәселе көтерілген соң «Голубая бухтаға» жақын тұрған Сайын Шапағатов елді мекені әкімдігіне шұғыл тапсырма берілген. Кеше түстен соң 10 шақты адам барып, тазалық жұмыстарын жүргізіпті. Жиналған қоқыс ауылдағы арнайы полигонға жеткізілген.

Сайрам Қылыш, Сайын Шапағатов ауылдық округінің әкімі:

- Қазіргі таңда күн жылынып келе жатыр. Соған байланысты демалушылар саны артуда. Алдағы уақытта бұл жер тұрақты тазаланып тұрады. Аптасына бір рет, демалысқа қарай. Барушылардан сұрайтынымыз – өзіміздің табиғатымызды тазалап, аялап ұстау. Және де мүмкіншілік болған жағдайда шыққан қоқыстарды өзімен бірге алып кетуін сұраймын.

Осы маңда тұрмыстық қалдық салуға арналған 3 контейнер мен үлкен темір жәшік тұр. Жергілікті билік өкілі бұл жерге арнайы техниканың баруы қиын екенін айтады. Осыған қарамастан таяу күндері тағы бірнеше контейнер қоюды жоспарлап отыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев