427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада тұратын соғыс ардагерінің ауласында шағын концерт өтті

  • 150
  • UPD: 23:54, 07.05.2021

Бүгін елордада тұратын соғыс ардагерінің ауласында шағын концерт өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басты көрермен – Жақан Сейсебаев. 96 жастағы майдангерге елдің мемлекеттік күзет қызметі мамандары құрмет көрсетті.

Сұм соғыстың от-жалынан өткен майденгер Жақан Сейсебаев үшін бүгін ерекше мереке. Қуанышты хабарды естірткен күнді ардагер жыл сайын асыға күтеді. Кеудесі медальға толы костюмін киіп, ерекше дайындалады. Ақсақалдың ерлігін кейінгі ұрпақ та ұмыт қалдырған емес. Биыл ардагерді Қазақстан мемлекеттік күзет қызметінің мамандары құттықтай келіп, ауласында шағын концерт ұйымдастырды.

Мұрат Сыздықов, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің өкілі:

- Олардың ерлік істерін біз жалғастыруымыз керек. Ардагерлерімізге тек 7 мамыр ғана емес, күн сайын құрмет көрсетсек те артық емес. Өйткені майдангерлер қатары сиреп барады. Оларға денсаулық, ұзақ өмір, мол бақыт тілеймін. Немере, шөберелерінің қызығын, жеткен жетістіктерін көріп, бірге қуанса екен.

Жақан атамыз майданға 1942 жылы Алматы облысындағы Қарабұлақ ауылынан аттанған. Ол кезде 17-де еді. Қазір 96-да. Десе де, әлі тың. Соғыс жайлы естеліктері де есінде. Жеңіс туралы хабарды естіген кездегі әсерімен бөлісті.

Жақан Сейсебаев, соғыс ардагері:

- Қазір Кенисберг. Сол жерде 8 мамыр күні «соғыс бітті» деп хабарлады. Жылап та жатырмыз, күліп те жатырмыз. Бір-бірімізді құшақтап жатырмыз. Автоматпен, пистолетпен салют беріп. Қуаныш деген қандай. Тірі қалғанымызға риза болдық.

Жақан Сейсебаев, майдан алаңында үш рет жараланған. Бірақ жаудың оғы жігерлі жас жігітті жасыта алмады. Фашисттерді жеңгеннен кейін жапон соғысына аттанған. Майдан даласын қажытпай қоймайды. Ондайда ән салып, көңіл көтеріп, бойға күш жинаған. Сол әуендер бүгін өзіне арналып шырқалғанда көңілі жасарып, бір жасап қалды.

Жақан Сейсебаев, соғыс ардагері:

- Мен бүгін 25 келіп отырмын. Мынадай жасқа келгенде. Жастарың ұзақ болсын, дендерің сау болсын. Әр уақытта заманымыз тыныш болсын. Аман болайық.

Майдангер ақсақалға арналған концертті аула тұрғындары да тамашалап, ардагерге құрмет көрсетті.

Жақан Сейсебаев қазір үлкен әулеттің атасы. 4 баласынан ерген 9 немересі мен 14 шөбересі бар. Олар да жан-жағынан қаумалап, батыр атаны мерекемен құттықтады. Ақсақалдан бата алды.

Жақан Сейсебаев, соғыс ардагері:

- Немере, шөберелеріміздің заманы тыныш болсын. Аспан ашық болсын. Заман тыныш болса, балалар аман болса, менің жасыма, 96-ға келсін осы жастар.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Ирина Панфилова

Хабар 24 телеарнасы