424,64 503.77 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақ әндерін шырқайтын «Сары бала» әлеуметтік желіде көпшілікке танымал

  • 174
  • UPD: 23:55, 07.05.2021

«Дариға-дәурен», «Сыған церенадасы», «Атамекен». Халыққа кеңінен танымал әндердің кавер нұсқасын орындайтын Александр Аверкиев Youtube желісінде көпшілікке «Сары бала» әнімен танымал, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір ол Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ұланға қарасты 5573 әскери бөлімінің сарбазы. Әнші жігіт Отан алдындағы жауынгерлік борышын өтей жүріп, өнерді де қатар алып келеді. Қарулас достарына концерт қойып, қазақша әндерден шашу шашқан өнерпазбен арна тілшісі Нұрбек Байбосын жүздесіп қайтты.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Біз қазір 5573 әскери бөліміндеміз. Мұнда сарбаздар мерекелік концертке дайындықты бастап кеткен. Соның ішінде біздің кейіпкер Александр Аверкиев те бар. Ендеше олардың дайындығын бірге тамашалайық. 

Александр Аверкиев – Көкшетау қаласының тумасы. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын ол бала кезінен әуезді әнге теліп өскен. Орыс ұлтынан болғанымен ол қазақ әндерін тамылжыта орындайды. Колледжде «педагог-музыкант» мамандығы бойынша білім алған сарбаз қазір әскери бөлімнің бетке ұстар әншісі. «Әсіресе Абайдың әндерін нақышына келтіре орындауды ұнатамын», - дейді Александр. 

Аверкиев әлеуметтік желіде «Сара бала» атты атаумен танымал. Былтыр пандемия кезінде үйінде отырып ән салып, көпшіліктің қошеметіне бөленіпті. Әсіресе, Шәмші Қалдаяқовтың «Сыған церенадасы» әнінің кавер нұсқасы лайықты лайк жинаған.

Александр әнді әрдайым жанды дауыста орындайды. Фонограммаға әуел бастан қарсы. Ол: «Рамазан Стамғазиевтің репертуарындағы «Дариға дәурен» әні жаныма жақын. Болашақта Рамазан ағамен дуэт айту арманым», дейді.

Айбек Қабдолмарат, 5573 әскери бөлімінің сарбазы:

- Александр туралы айтсам, ол өзінің ерекше бір дауысы бар, өзінің әндік қоры өте көп. Әсіресе, қазақша әндерді өте көп айтады. Жақсы көреді, патриоттық әндер бар. Қазіргі заманға сай әндері де өте көп.

«Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағын кесері бар», деп Абай ақын жырлағандай Александр да патриоттық әндерге құштар.

Александр Аверкиев, 5573 әскери бөлімінің сарбазы:

- Қазақ әндерін орындағанды жаным қалап тұрады. Жақсы көремін. Сіздерде құлақ құрышын қандыратын әндер көп. Қазақ даласын еске түсіретін әуендер бар. Шәмшінің, Абай атамыздың әнін жатқа білемін. Қазіргі жас эстрада әншілерінен Төрағали Төреәлі мен Қуандық Рахымды тыңдаймын. Ал болашақта Рамазан Стамғазиевпен дуэт айтуды армандаймын. Қазақи нақыштағы дауысы ұнайды маған ол кісінің.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Болашақта Аверкиев ақын сазгерлермен байланысты нығайтып, өзіне жеке әндер жаздырмақ. Каверден кәсібилікке бет бұрмақ болған өнерлі жастың қадамына біз де сәттілік тіледік.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Аят Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы