Жүз жасаған жауынгер

Ел басына күн туғанда 1941 жылы Қабден Хасенұлы 19 жаста еді. Үшарал қаласында мұғалім болып еңбек етіп жүрген жерінен қан майданға шақыртылады.

Алматыда жасақталған 8-гвардиялық дивизияның 75-полкінде автоматшы болып, кескілескен ұрыстарды бастан кешеді. Жеңісті Чехословакия астанасында қарсы алыпты. Ал сүйінші хабарды Бауыржан Момышұлының өзінен естігенін мақтан етеді. Ұзақ жылдар ұстаздық етіп, зейнетке шыққан қарт майдангер 100-ге келсе де жастарға үлгі өнеге көрсетіп, спортпен айналысады.

Қабден Смағұлов, соғыс ардагері:

- Прага қаласында қарсы алдық. Бауыржан жеткізді, біз соның дивизиясында болдық, Панфиловтың дивизиясында. Қуандық, пилоткамызды лақтырдық.

Соғысты басынан аяғына дейін от кешіп, 1945 жылы Жеңіс мерекесін тойлаған күн Қабден ақсақалдың есінен кетер емес. 4 жылда талай шайқаста өліммен бетпе-бет келген сарбаз Отан тыныштығы үшін күрес ешқашан дамылдамағанын айтады.

Қабден Смағұлов, ҰОС ардагері:

- Ең ауыр шайқас Мәскеуден 20 шақырым жердегі Волокаламск деген маңда болды. Сол жерде мен де жараландым. Өлімнен қорыққанымыз жоқ, тура өлімнің алдына барып отырдық.

Мұндай жанқиярлық ерліктері үшін бірнеше медаль, ордендермен марапатталыпты. Ақсақалдың көз жанары суалғаны болмаса, ісі ширақ, ойы сергек, сөздері анық. Карантинге байланысты мектеп оқушыларымен кездесу тоқтап қалғанына қынжылады. Дегенмен бұл індетті сабырмен жеңуге шақырып отыр.

Қабден Смағұлов, ҰОС ардагері:

- Айтып отырамын, біздің көргенді көрмеңдер, көрмейтін болыңдар деп. Дендерің сау болсын, сендер спортпен шұғылданыңдар, оқуды жақсы оқыңдар деп. Індет тез жойылып, халқымыз кішкене тынышталсын, дендері сау болып, аман болсын!

Ұзақ жылдар ұстаздық етіп, зейнетке шыққан асқақал қазір ұлы мен келінінің қолында тұрып жатыр. Ауданда көзі тірі жалғыз ардагерді көпшілік өз әкелеріндей құрмет тұтып, ақылына құлақ асып отырады.

Сайлау Смағұлов, ардагердің ұлы:

- Міне 99 жасаса да, спортпен де айналысады, көп жүреді. Көп ақылын айтады. Адам болыңдар, адал болыңдар, ешкімнің ала жібін аттамаңдар дейді. Үлкенді сыйлап өтіңдер дейді. Келген кісілердің бәріне өнегесін айтып отырады. Әлі де болса тың, 100-ге келіп қалса да өзі жүреді. Далаға да шығып отырады. 29 немересі бар, 12 шөбересі бар, Енді неменеге енді жетейік деп жатырмыз, әлі жеткеміз жоқ.

Қуанышбек Досиханов, Аягөз аудандық мәслихатының хатшысы:

- Бұл кісінің әр айтқан сөздері, халыққа тілегі төменгі буынға, жастарға өнеге, ақыл. Бұл кісіні әлі де ақылшы тұтамыз. Аман болсын, Алланың берген жасын жасасын деп айтамыз! Қабден ақсақалдың айтқан сөздері карантинге қарамастан онлайн арқылы газеттер арқылы хабарламалар ретінде жатыр. Біз мұны ұмытпаймыз. мектептерде, мекемелерде, қоғамдық орталарда онлайн режимде бұл жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Аягөз ауданында 230 тыл ардагері тұрады. Жеңіс мерекесіне орай олар да мемлекет және қоғамдық ұйымдар атынан құрметтеліп, назардан тыс қалмақ емес. Ал алдағы жылдары осы өңірден қан майданға аттанған 5 мыңнан астам жауынгердің аты-жөнін түгел жазып, мемориалдық кешен ашу жоспарланып отыр.