Ертіс өңірінің тұрғындары соғыс ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады

Бүгінде облыс орталығында көзі тірі 24 ардагер тұрады.

Олардың қатарында жасы 90-нан асқан Құдайберген Қапсалямов пен Петр Кунгуров бар. Қос қария Жеңіс күнін жылдағы дәстүр бойынша отбасының ортасында атап өтеді.

Құдайбарген Қапсалямов артеллирист болған. Байкал әскери округіндегі 34-жойғыш дивизиясында қызмет кетті.

Құдайберген ата кеңес әскері құрамында фашистік Германиямен кескілескен ұрыстарда екі рет жарақат алған. Варшава, Лодзь, Кутно сияқты ірі қалаларды азат етуге атсалысқан. Қария 76-шы жеңіс күнін отбасының ортасында қарсы алады. Бүгінде төрт баладан 12 немере мен 19 шөбере көріп жатқан бақытты жан.

Төлеген Қапсалямов, ардагердің ұлы:

– Қазір көріп жатқаным міне, немерелерім бар, балаларым бар, жүгіріп жүр. Осы кісілер Жеңісті жақындатқан. Мерекеде туыстарымыз жиналады. 

94-ке толған Петр Кунгуров Жеңіс күнін әскери киімде қарсы алады. Айнадағы бейнесіне қараса, сол 76 жыл бұрынғы жас офицер есіне түсетіндей. Ол 17 жасында Жапониямен шекаралас аумақтағы қан майданға аттанды. Фронтқа Алтай өлкесінен шақырылған.

Петр Кунгуров, соғыс ардагері:

– Өзім табиғатымнан арықша келген жігіт едім. Соғысқа осылай бардым. Қан майдан басталғанға дейін Красноярск полк мектебінде білім алдым. Сол кезде 35-атқыштар полкі деп аталатын. Кіші командир болып шықтық. Бір күні барлығымызды вагонға қамап, Қиыр Шығысқа алып кетті.

Ардагер Қиыр Шығыс фронтында қызмет етті. 10 мехнизаторлық корпус, 204-танк бригадасында соғысты. Петр Никитич – жапондық камикадзені көрген ер. Солардың қолынан жарақат алып, үш ай бойы госпитальде жатты.

Петр Кунгуров, соғыс ардагері:

– Сол камикадзелер бізге бомба тастап, жарып жіберді. Танкте төрт солдат болдық. Солардың кесірінен жанымда болған үш жолдасым көз жұмды. Мен аман қалдым. Кейін үш ай бойы ауырып жатып қалдым. Соғыстан кейін Павлодарға келіп, байланысшы болып қызмет еттім. Кейін ішкі істер органдарында еңбек еттім.

Жыл өткен сайын ортамыздағы ардагерлердің қатары сиреп барады. Жеңіс күні қарсаңында Павлодар қаласының көшелерінде тыл еңбеккерлері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен батырларының алып бейнелері орнатылды. Олардың ерлігі – ұрпақ жадында.

Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков