Әскери дайындық мұғалімі өскелең ұрпақ үшін мектеп жанынан мұражай ашты

Әскери снаряд, оқдәрі, 80 жыл бұрын жарық көрген басылым. Бұл Қызылордада мектеп жанынан ашылған «Жауынгерлік даңқ» мұражайындағы тарихи жәдігерлер. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі жастар рухын көтеру мақсатында осындай танымдық шараны қолға алыпты.

Аядай ғана бөлмеде 30-дан астам жәдігер бар. Бұл мұражайды алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі 9 жыл бойы жасап шыққан. Мұндағы әр заттың өзіндік тарихы мен маңызы бар. Мәселен, мына шұрық-тесік болған жез ыдысты соғыста  тұтынған екен. 

- Бұл ыдыс соғыс ардагері Ахметжанов Сағитке тиесілі еді. Ол үш жылдан астам уақыт концлагерьлерде тұтқында болған. Бірақ ол тірі қалып, 1944 жылдың соңында ұзақ тексерулерден кейін әскери қызметке қайта оралады. Берлинге дейін жетіп, жауды жеңуге үлес қосқан. 

Ал осыдан 80 жыл бұрын жарық көрген «Красная Звезда» газеті мұғалімнің ең құнды жәдігері. Газетті Мәскеуден келген нумизматтан сирек кздесетін көне монеталарға ауыстырып алған. 1941 жылғы 28 қарашадағы номері 280 «Красная звезда» газетінің түпнұсқасында 28 панфиловшының ерлігі туралы мақала жарияланған. Мақалада олардың барлығы қайтыс болды делінген. Бірақ кейін кейбірінің аман қалғаны белгілі болады. Міне осындай жанқиярлық ерліктерді Вахит Валиев өскелең жасқа үлгі етуден жалықпайды.

Вахит Валиев, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі:

- Қазір әскери-патриоттық тәрбиенің ролі зор. Жеңімпаз жауынгерлеріміздің күнделікті тұтынған заттары мен жауға қарсы шыққан қаруын балалар көзбен көріп, қолымен ұстап, көңілге түйгенін қаладым. Ендігі арманым панфиловшылар фашистік басқыншыларды тоқтатқан танкке қарсы қару үлгісін осы мұражайдың бір бұрышына қою. 

Экспозицияны жинауға мұғалімнің бұрынғы түлектері мен қарапайым тұрғындар да көмектеседі екен. Қазір әскери қазба жұмыстарына қатысатын шетелдік еріктілермен де келіссөздер жүргізуде.

Ұлағатты ұстаздың айтуынша, жақында осы мектеп сөрелері жаңа құнды жәдігерлермен толығады.

Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұқамед Байділдаев