Кеңес Одағының батыры Б.Оңтаевтың отбасында даңқты атаны еске алу дәстүрге айналған

Батырдың келіні болу үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Қазақтың қаһарман ұлдарының бірі, Кеңес Одағының батыры Бейсен Оңтаевтың келіні Тыным Оңтаева осылай дейді. Бұл шаңырақта Жеңіс мерекесі қарсаңында ағайын-туыстың басын қосып, балаларға батыр ата жайлы есті естеліктер айту дәстүрге айналған.

«Біз атамызға тіке өтініш айта алмайтынбыз. Апамыз арқылы айтатынбыз. Тіпті балалары да «папама айтыңызшы» деп айтатын». 

Батырдың қара шаңырағында отырған сүйікті келіні Тыным Оңтаева «атам қатал емес еді, бірақ сұсты болатын, алайда дауыс көтеріп сөйлегенін естіген емеспін» дейді.

Келінінің айтуынша, Бейсен Оңтаев қан майданда батыр болғанымен бейбіт өмірде өте мейірімді, сабырлы, балажан болған. Бірақ дастарқан басында болсын, тіпті келелі кездесулердің өзінде соғыс тақырыбында бір ауыз сөз айтпапты.

Тыным Оңтаева, батырдың келіні:

- Мен атамның соғыс туралы айтқанын бір рет естімеппін. Балаларына шәй ішіп отырып, тіпті менің төркінім құда болып, бірнеше рет дастарқандас болып, менің шешелерім келіп жатты, бір рет естімеппін. Сіңлім айтады: «сенің атаңа қай уақытта айтады» дейді. Көрген емеспін. Бір ғана кездесуде жас мұғалім сұрады, сол кезде айтты. Былайша атам естеліктерде бар ғой жазылған, бірақ соны айта бермейтін. Атам қайтқаннан кейін бәрі маған қалды ғой енді, архивті жинап, мен сол кезде таныстым, атамның нағыз батыр екенін. 

Тыным Оңтаева атасының қолы тиіп, табы қалған дүниенің барлығын әлі күнге дейін көзінің қарашығындай сақтап отыр. «Батырдың келіні болу бір жағынан үлкен мәртебе болса, екінші жағынан мойныңа зор жауапкершілік жүктейді» дейді. Бұл шаңырақ Жеңіс мерекесін ерекше күтеді. Сол күні қара шаңыраққа ағайын-туыс, құда-жекжаттың басын қосып, балаларға батыр аталары жайлы есті естеліктер айтылады. Ол кісінің тұтынған заттарын шығарып, немере-шөберелеріне көрсетеді. Қазір батырдың артында қалған мұраларын зерттеумен келіні Тынымның сіңлісі, белгілі педагог-ғалым Сәуле Мамытбаева айналысады.

Сәуле Мамытбаева, педагог-ғалым:

- Мен Кеңес Одағының батыры Бейсен Сейітұлын 12 жасымнан танимын. Маған ерекше есімде қалған сәті сыныптастарымның арасында боксқа барған балалар болатын. Солар келіп маған айтатын: «Сенің атаң маған медаль тақты. Сөйтіп, менің қолымды ұстады. Қолы қандай нәзік, ол қалай батыр болған» деп сұрақ қоятын. Сөйтіп, мен оларға осы үйден көрген-білген көп нәрселерді айтып беретінмін. 

Бейсен Оңтаев 1922 жылы Қазіргі Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданында қарапайым отбасында дүниеге келген. Арыс қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, 1942 жылы 20 жасында әскерге аттанған. Днепр өзенінен өту кезіндегі қанқұйлы шайқаста 14 жаудың көзін жойып, жауынгерлердің алдыға жылжуына жол ашқан. Сол ерлігі үшін 1943 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.

Кенже баласы Болаттың айтуынша, әкесі батыр өзінің батыр атағын алғанын кейін газеттен оқып білген. 

Болат Оңтаев, Б.Оңтаевтың ұлы:

- Әкем өте қарапайым болатын. «Оны өзімде білген жоқпын» деді. Госпитальда жатқанда өзін наградаға ұсынғанын газеттен оқып білген. Кейін ауруханадан шыққаннан кейін Кремльге шақырды деді. М.И.Калинин Кремльде осы жұлдызды өзі тақты деді.

Бейсен Сейітұлы соғыс бітіп, бейбіт күн туған шақта туған жерге оралды. Құдай қосқан жары Хафизаға үйленіп, үш ұл, үш қызды тәрбиелеп өсірді. Елге қызмет етіп, Арыс аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды. Одан кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінде қызмет атқарды. Ұзақ жыл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнады. 1991 жылы 70-ке қараған шағында дүниеден озды. Қазір батырдың ұл-қыздары мен немере-шөберелері әке даңқын әрдайым биік ұстап келеді. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Сондай-ақ...