Арыста Ардагерлер орталығы ашылды

Арыс қаласындағы тойхана ардагерлердің демалыс орталығына айналды. Енді зейнеткерлер мұнда үйлену тойына емес, кітап оқып, бильярд пен үстел теннисі және шахмат, дойбы ойнауға жиналады.

Мына үлкен банкет залы тойханаға мүлде ұқсамайды. Енді мұнда бұрынғыдай қатты музыка да қойылмайды, мол дастарқан да жайылмайды. Есесіне мұнда ардагерлерге арналған кітапхана, йога алаңы, спорттық жаттығу залы мен бассейн жұмыс істейді. Үлкен кісілер бір сәт тынығып, бой сергіту үшін шахмат-дойбы, бильярд, теннис үстелдері қойылған. Жаңа орталықтың ашылуына облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев қатысты.

Қырық жыл мектепте мұғалім болған зейнеткер Жолдасбек Құрманбеков мереке алдындағы ерекше тартуға разы. Олар бұған дейін Жастар орталығының екі бөлмесін паналап келген. Енді тар жерде тығылмай, кең жерде еркін тыныстап, бос уақытымыздың бәрін осында өткіземіз дейді.

Жолдасбек Тұрманбетов, Арыс қаласының тұрғыны:

- Бұрын ардагерлерге арналған орын жоқ болатын. Әрқайсымыз әр жерге барып ойнап жүретінбіз. Ал енді мына жерде бәрі бір жерде. Қалаған уақытыңызда келіп, дем алуыңызға, ойын ойнауыңызға болады. Бұрын соңды Арыста мұндай болмаған. Әрине көңілімізден шығып жатыр, керемет!

Сонымен қатар мұнда миды тынықтыратын сенсорлық бөлме, терапевт дәрігері мен массаж және тұзбен емдеу бөлмелері қарттарға тегін қызмет көрсетеді. Бұрын мұндайды көрмеген арыстық қариялардың қуанышында шек жоқ.

Бейбіткүл Әліпбаева, Арыс қаласының тұрғыны:

- Жолдасымыз екеуіміз көріп, демалып, мына тұзбен емдеу бөлмесі ашылыпты. Бұл деген өте керемет. Сол себепті ем болсын деп, алғашқы ашылу сәтіне келіп отырмыз. Бізге жасалған сый-сияпаты деп ойлаймыз.

Тойхананы Ардагерлер орталығына айналдыру идеясы Арысқа жаңа әкім келгеннен кейін пайда болған. Жергілікті билік карантинге байланысты бір жыл бойы бос тұрған ғимараттың иесіне залды жалға беру туралы ұсыныспен шыққан. Жалпы өңірде карантин кезінде тойхана бизнесінен бас тартып, кәсібін жаңа бағытқа бұрғандардың қатары артып келеді.

Гүлжан Кұрманбекова, Арыс қаласының әкімі:

Әлеуметтік қызметкерлердің айлығы бюджет есебінен, қалғаны 70 проценті демеушілердің есебінен болады. Одан бөлек компьютер кабинеті қарастырылған. Барлық бағдарламаларды, әлеуметтік көмектермен танысып, қарап отыру үшін де цифрлық сауаттылығын арттыру үшін де жұмыс істейді.

Әсем ғимаратта қарттардың жиі бас қосып, жиын өткізулеріне, тынығып, шығармашылықпен айналысуы үшін барлық жағдай жасалған. Арыс қаласында бүгінде Ұлы Отан соғысының екі ардагері мен 305 тыл еңбеккері бар. 6 мыңнан аса зейнет жасындағы қария тұрады.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы