«Атамның аманаты» қоры соғыстан қайтпаған 900 сарбаздың жерленген жерін анықтаған

Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған 1,5 млн-нан астам отандасымыздың 270 мыңға жуығы елге оралмаған.

Кейбіреуінен әлі күнге дейін хабар-ошар жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жат елде Отан үшін оққа ұшқан жауынгерлердің дерегін табуға қазір қоғамдық бірлестіктер атсалысуда. Аталардың аманатын арқалаған ұйым екі жыл ішінде майдан даласынан мыңға тарта сарбаздың дерегін анықтаған. Туысы мен бауыры, тіпті әкесінен хабар жеткендердің қатарында қорғалжындық Мәдениет Хаменқызы да бар. Арна тілшісі Нұрбек Байбосын қуанышықа кенелген әженің әңгімесін тыңдады.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Мәдениет апа әкесі Хамен майданға аттанғанда небәрі 3 жаста болыпты. Марқұм Хамен Жұманов 1941 жылы әскер қатарына Қорғалжын ауданынан шақырылған екен. «Осы кезге дейін әкемнің түрін де, түсін де білмей келдім», - дейді ол. Ал қолындағы суретін жуырда кездейсоқ тапқан. Соғысқа кеткен әкесінен ешқандай хат-хабар болмапты. Тіпті артынан «ұрыс даласында қаза тапты» деген қара қағаз да келмеген. Қазір әжейдің жасы 83-те.

Мәдениет Хаменқызы, Ақмола облысының тұрғыны:

- Мен өзім жалғыз. Әкем кеткенде бір сіңілім туылып қалған. Ол да қайтыс болды. Шешем сиыр сауушы болып істеді. Ешкімім жоқ. Осы хабарды естіген соң, мына кісілер шақырған соң келдім. «Сүйегі табылды» деп жатыр ғой енді. Менің арманым сол, сүйегін алып келіп берсе, соны еліме қойсам деймін. Бар арманым сол.

Хамен Жұманұлы Екінші дүниежүзілік соғыста Ржев түбінде болған шайқасқа қатысқан.

«Пионер» іздестіру тобы оның сүйегін төсбелгісі арқылы көрші елдің Тверь облысының Ржев ауданынан тапқан. Әкесі туралы деректерді Мәдениет әжейге «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінінің өкілдері жеткізген.

Әлия Сағымбаева, «Атамның аманаты» ҚБ құрылтайшысы:

- Әрине, деректердің көбі Ресейде. Подольск қаласында архив бар. Сондықтан іздеу оңай емес. Кейбір адамдар оңай деп ойлайды, олай емес. Біз іздеушілерімізді үйретеміз. Сол іздеуді қалай жүргізу керектігін. Қазіргі кезде 1 мыңдай жауынгер аталарымыздың тағдырлары дәлелденді. Бір аталар туралы тек мәлімет таптық. Мысалы госпитальда көз жұмған. Военный пересельный пункт дейді, ары қарай тағдыры белгісіз. Сирек жағдайда жерленген жерлерін тауып отырмыз.

Мұхаммедияр Оразбаевтың да немере ағасы Жағыппар ұрыс даласынан елге оралмаған. 1939 жылы Қарағанды облысынан майданға аттанған

Жағыппар фин соғысына қатысады. Сол жылдары үйіне әскерден бір-екі рет хат жазып, аман-есен екенін білдіреді. Сосын үшті-күйлі хабарсыз кетеді. 82 жылдан соң ғана тақауда қайда қаза тапқаны туралы дерек жеткен.

Мұхаммедияр Оразбаев, Қарағанды облысының тұрғыны:

- Күдік жатады ғой адамда. Қалай жоғалып кетті, не болды, ары қарай кетіп қалды ма деп? Сол енді биыл табылып тұр, кеше 29-ы ма 28-і ме «Инстаграмнан» Ресейдегі біздің немерелереміз тауып алыпты. Соған барамыз ба деп келдік. Мына кісілер де шақырды.

Бір қызығы, Мәдениет апаның әкесі мен Мұхаммедияр Тоғайбекұлынның немере ағасы бір майданда болған. Тіпті іздеушілер оларды бір жерден тапқан.

Әлия Сағымбаева, «Атамның аманаты» ҚБ құрылтайшысы:

- Пионер деген іздеу отряды бар. Солар көтергенде бір жерде 4-5 солдаттың мәйіті жатыр екен. Қараса медальондары бар. Сол жерде жазылыпты. Міне, екі атамыздың да ұрпақтары табылып отыр. Сонда олар майдан кезінде жолдас болған. Әлгі бір шайқаста қаза тапқан. Міне, ұрпақтары да бір-бірін тауып отыр.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1,5 миллионнан астам азамат аттанған. Соның 600 мыңнан астамы қасық қаны қалғанша соғысып, ұрыс даласында жер құшты. Ал 270 мыңға жуығы хабар-ошарсыз кеткен. Майданнан елге оралмағандардың тағдыры әлі де белгісіз. Ал құрылғанына небәрі екі жыл ғана болған қоғамдық қор соғыстан қайтпаған 900 сарбаздың жерленген жерін анықтап, туыстарына жеткізген. Аталардың аманатын арқалаған қоғамдық ұйымға әлі де хат жазып  хабарласушылар жетерлік. Осы күнге дейін оларға бес мыңға жуық тапсырыс келіп түскен. Қазір бірлестік Еуропа мен Ресейдегі іздестіру топтарымен тізе қосып, жұмыс атқарып жатыр.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Ерзат Зайытхан

Сондай-ақ...