Ленинград түбінен із-түзсіз жоғалған қазақ жауынгерінің сүйегі табылды

Ресейде соғыста шейіт болған тағы бір қазақ сарбазы анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Майдан жолы» жасағы марқұм Емберген Майсановтың мүрдесін Ленинград түбінен тапқан екен.

Енді оны елге жеткізбек. Жетпіс алты жыл бойы із-түзсіз кеткендер қатарында болған жауынгер кім еді?

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- «Терең өзен тынып ағады» деуші еді. Свирьге келіп, соны көрдік. Төңіректі желек жапқан. Орыстар бұл маңды «қайық жүзген алқап» деп те атайды. Бұрын мұнда көпестер көп болыпты. Сауда қыз-қыз қайнап жататын. Бірақ сұм соғыс келіп, бәрін өзгертті.

Адамдар қазір ат ізін сирек салатын болған бұл жаққа. Тек зерттеушілер келеді. Солар биыл да қазба жұмыстарын жүргізбекке бекінген. Оларға Қазақстаннан келген топ қосылды.

Александр Шитов, «Майдан жолы» жасағының жетекшісі:

- Екі ел бұрыннан дос. Бұл соғысқа біздің батырларымыз да қатысқан. Сондықтан іздеу жұмыстарын бірлесіп жүргізу керек деп шештік. Қазақстаннан бірнеше маман келді.

Бұл маңда 314-ші атқыштар дивизиясы шайқасқан екен. Немістерге аяқ бастырмапты. Сазды жер болған соң әлгі аумақты зерттеу оңайға түспеген.

Осыған дейін 66 сарбаздың мәйіті шықты. Біз барғанда тағы бір мүрдені тапты. Енді оны зертханаға жеткізеді.

Әзірге бұл маңды қорғаған қанша қазақтың болғанын айту қиын. Зерттеу әлі де жалғасады. Олар «біздің елден барған сарбаздардың ерлігін еш уақытта ұмытпаймыз» дейді. Соларға арнап ескерткіш тақта орнатты. Көп өтпей тағы бір қазақ жауынгерінің мүрдесі табылғанын айтты. Ол – Емберген Айсанов. 1943 жылы Ленинград түбінде қаза тапқан.

Евгений Кириллов, «Опора» іздеу тобының жетекшісі:

- Жауынгер жатқан жерден мына медаль, қасық және оқ-дәрі табылды. Соның барлығын жинап қойдық. Бұл медаль марқұмға Ленинградты қорғағаны үшін берілген.

Марқұмның мүрдесін туыстарына тапсырды. Енді оны өзі туған Қызылорда өңіріне барып жерлемек. «Майдан жолы» жасағы «былтыр індет кесірінен зерттеуді уақытша тоқтатуға мәжбүр болдық», дейді. Жұмыстарын енді қайта жандандырып жатыр.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Асхат Ниязов, Наурыз Базаров

Сондай-ақ...