Павлодарда Жеңіс күнін 24 соғыс ардагері қарсы алды

Павлодарда «Майдан жылдарындағы әндер» акциясы жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті өнерпаздар соғыс ардагерлері тұратын үйлерге барып, концерт қойып жүр. Қылмыстық атқару жүйесі де игі бастамадан тыс қалмады. Мекеме қызметкерлері тыл ардагері Хасан Сафаровқа құрмет көрсетті.

Жасы тоқсанға таяған Хасан Сафаров әріптестерінің өнерін балконда тұрып тамашалады. Оның балалық шағы соғыстың ауыр кезеңіне сәйкес келген. Ресейдің Омбы облысында туып-өскен ол әскери борышын Австрия аумағында, авиация саласында өтепті. Саналы ғұмыры қылмыстық атқару жүйесіне арналды.

Мекеме қызметкерлері мерекелік дастарханға арналған азық-түлік жиынтығын әдеттегідей себетке емес, қару-жарақ тасымалдайтын жәшікке салып әкепті. Бұл әскери әндер сияқты соғыста пайдаланылған әрбір заттың бүгінде ұмытылмас жәдігерге айналғанын көрсетеді.

Хасан Сафаров, тыл ардагері:

- Бейбітшілік пен бақыт тілеймін. Әскер қатарында қызмет етті ме, жоқ па ол жағы маңызды емес. Жеңіс күні біз үшін ең қастерлі мереке. Соғыстың аяқталғанына 75 жыл өтсе де бұл күнді ешкім ұмытқан емес. Бізден кейінгі ұрпақ та естен шығармайды деп сенемін.

Әділет Мұстафинов, облыстық ҚАЖД басшысы:

- Жеңіс күнінің алдында біз ардагерлерімізді құттықтаймыз. Хасан Ширбагевичті құттықтап келдік. Сол сыйлықтарымыз бар, концерт қойдық. Оларға көп рахмет. Ол кісілерге денсаулық тілеймін, көп өмір сүрсін.

Павлодарда көзі тірі 24 соғыс ардагері қалған. Қылмыстық атқару жүйесінің тізіміндегі 10 адамның 9-ы тыл еңбеккері, біреуі соғыс ардагеріне теңестірілген. Әлемдік пандемияға байланысты дәстүрлі Жеңіс шеруі екінші жыл қатарынан өтпейтін болды. Ал батырлар ерлігі мәңгілік жасай бермек.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов