Шиелі ауданындағы жалғыз көзі тірі ардагерге құрмет көрсетілді

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары майданға Қызылорда облысынан 150 мыңнан астам сарбаз аттанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның 6 мыңдайы Шиелі ауданының азаматтары еді. Отан үшін от кешіп, туған жерге жеңіс туын желбіретіп келген 2 мыңға жуық жауынгерден көзі тірісі тек – Сәрсенбек Байжанұлы. 9 мамыр күні қарт майдангер 99 жасқа толды.

«Күйреген қалалар, отқа оранған елді мекендер әлі көз алдымда», - дейді қарт майдангер. Снаряд дүмпуі де бірақ уақыт құлағынан кетпей қойыпты. 1942 жылы мектеп бітірісімен жаяу әскер қатарына алынған Сәрсенбек ата Алматы, Саратов арқылы Сталинградқа жетіп, фашистердің қорғаныс шебін бұзып өтпеуіне тосқауыл болды.

Сәрсенбек Байжанұлы, соғыс ардагері:

- Сталинградқа немістердің басқа жердің бәрінен жеңілмей бәрін жеңіп, озып келе жатқан Паулюс деген фельдмаршал бар екен. Соны Сталинградқа саламыз, сонымен аламыз деп келген немістерді 100 шақырымға шейін кей жерлерде кейін қарай қуып тастадық.

Сталинград түбіндегі шайқаста ауыр жараланып, кейін тағы бірнеше жарақат алуына байланысты шиелілік жауынгер 1944 жылы еліне жіберіледі. Отанға оралғасын мектепке орналасып, балаларды білім нәрімен сусындатуға кіріседі. Тумысынан жеңімпаз рухты Сәрсенбек ата кез келген бәсте есе жібермеуге дағдыланған.

Гималай Байжанов, майдангердің ұлы:

- Құрдасы баласының атын Памир қойыпты. Құрдасына айтқан ғой, «ертең мен балалы болсам, Памирдан да үлкен таудың атын қоямын» деп. Құрдасымен ерегісіп, менің атымды Гималай қойған. Әкеміз шыдамдылыққа, сабырлыққа үйретті. 5 уақыт намаз оқиды. 650 адамды дәптеріне жазып алып, соның бәрінің әруақтарына бағыштап отырады.

Қан майданды өткерген қарт жауынгер бүгінде қаумалаған құрағының ортасында 99-көктемін шат-шадыман күйде қарсы алып отыр. Бар тілегі – ұрпағының бейбіт заманда өмір сүруі.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев