Ақтаулық шекарашылар соғыс ардагеріне сый-құрмет көрсетті

Ақтаулық шекарашылар соғыс ардагері Бисен Боқаевтың үйіне барып, сый-құрмет көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарт майдангер биыл 98 жасқа толады. 18 жасында армияға шақыртылған. Кеңес Одағы мен Қытай шекарасындағы әскери жасақ құрамында болады. ІІ Украин майданында соғысып Беларусь, Еуропаны фашизмнен азат етуге қатысады. Сұрапыл кезеңдегі естеліктері «Өнегелі өмір» атты кітапта суреттелген.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Шағын кітапта ардагердің өмірбаяны егжей-тегжейлі айтылған. Әсіресе, соғыс жылдары түскен фотосуреттер, атайдың көрген-білгені еркін тілде жазылуы бірден баурап алады. Бисен Боқаев ауыл мектебінде 7 сынып қана оқыған. Шекара әскерінде пулеметші болыпты. 1944 жылы фашистердің Ясско-Кишинев тобын жоюға қатысады. Екі жақтан да адам шығыны көп болғанын айтады.

Бисен Боқаев, соғыс ардагері:

- Операция 20 тамызда басталды. Содан немісті румынмен бірге тас-талқан қылып қудық қой. Кишеневтің оңтүстігінде Баймаклиской дейтін тоғай бар. Сонда көп немістерді қоршап, тұтқынға алдық. Карпат тауында Льбовқа жақын, тағысын тағы жерлерде бандиттер болды ғой Бендеровскийлер дейтін. 1947 жылға дейін сонымен де жағаластық.

Соғыс біткен соң Бисен Боқаев Кеңес Одағы – Румыния шекарасындағы әскерге жіберіледі. 4 жыл қызмет атқарып, есен-сау елге оралады. Отбасын құрып, 9 перзент сүйеді. Қазір 30-дан астам немере мен шөбере қызығын көріп отыр. Ақсақалдың үйіне Жеңіс күнінде шекарашылардың келуі игі үрдіске айналған. Бүгін де Отан алдындағы борышын өтеп жатқан сарбаздар мен теңізшілер мерекелік құттықтауын бейнебайланыс арқылы жолдады

Владимир Колпаков, «Застава тарландары» шекарашы-ардагерлер бірлестігінің өкілі:

- Бисен аға біз үшін қашанда үлгі. Отансүйгіш, ержүрек азамат жайлы жазылған кітапша былтыр жарық көрді. Бірнеше данадан шекара бөлімдеріне, ардагерлер ұйымдарына таратып бердік. Шекара қызметіне жаңадан барған жастарға оқу-әдістемелік құрал ретінде қолданыла бастады.

Биыл Маңғыстау өңірінде Жеңістің 76 жылдығын 6 соғыс ардагері қарсы алды. Әрқайсысына жергілікті бюджеттен 1 млн теңге әлеуметтік көмек көрсетілді. Сондай-ақ 675 тыл еңбеккері қаржылай қолдау алып отыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев