Павлодардағы Панфилов әскери даңқ музейі жаңа жәдігерлермен толықты

Құнды экспонаттарды ресейлік іздеушілер тапсырған.

Отан соғысында қолданылған дүниелер арасында мылтық оқпаны, зеңбірек снарядының гильзалары мен граната секілді қару бөлшектері бар.

Бұл жәдігерлерді Мәскеу облысындағы «Марс» іздестіру отрядының мүшелері тарту етті. Музей қорының төрінен орын алған экспонаттардың қатарында Мосин винтовкасының оқпаны, зеңбірек снарядтарының гильзалары мен қол гранаталары сияқты қару бөлшектері бар.

Бақытжан Өтепов, «Панфиловшылар» іздестіру жасағының командирі:

– Бұл жәдігерлер Тверь облысының аумағынан табылды. Бұл жерде 1941 жылы болған кескілескен ұрыста қазақ жерінде жасақталған әскери бригада жауынгерлерінің 70%-і көз жұмды. Сонымен қатар бізге Санкт-Петербургтегі әріптестеріміз кітаптарды сыйға тартты.

Әскери-теңіз флоты адмиралының кителін оқушылар қызыға тамашалайды. Әскери форма Санкт-Петербургтен түпнұсқа күйінде әкелінген.

Владислав Шевчук, оқушы:

– Музей қоры жыл сайын толығып келеді. Біз үшін қуанышты жайт. Оқушылар ата-бабаларымыз аманат еткен бейбіт өмірді қадір тұтуымыз керек. Сол сұрапыл соғыстың тарихын біліп, ардагерлерімізді құрметтеуіміз қажет. Сондықтан осы музейге жиі келіп, соғыс тарихымен жақынырақ танысамыз.

Вера Ким, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жастар арасында тәрбие жұмысы мектеп шеңберінде ғана емес, сабақ барысында, табиғат аясында жүргізілетіні қуанышты. Оқушылар музей арқылы ұлы Отан соғысының тарихын біледі. Жеңісті жақындатқан қазақ жауынгерлерінің ерлігімен де танысады. Бүгінде олардың ерлігі әлемге мәшһүр. Сондықтан балаларымызды ата-баба рухында тәрбиелеу аса маңызды.

№14 орта мектептегі әскери данқ музейі Жеңістің 70 жылдығына орай ашылды. Бүгінде мұнда 250-ден астам құнды жәдігер сақтаулы. Басым бөлігі экспедиция кезінде табылған. Сонымен қатар Ресейдің Мәскеу, Тверь, Псков, Ленинград және Беларусь аймақтарынан әкелінген.

Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков