«Хабар» агенттігінің ұжымы ардагерлерді құттықтады

Бейбіт өмірге жетер байлық жоқ. Кешегі қан майданда ел мен жер үшін аянбай айқасқан жауынгерлер осылай дейді.

Бүгінде қазыналы қариялар ұрпаққа үлгі болып үйінде отыр. Елордада қазір небәрі 25 ардагер ғана бар. Жыл санап қатары сиреген майдангерлерді мерекеде «Хабар» агенттінің ұл-қыздары да құттықтады.

Ғасыр жасаған Тұрысбек Садықов бұл күнді ерекше толқыныспен күтеді. Бүгін де мерейлі мерекені әуелеген әнмен қарсы қалды. Сымдай тартылған жас сарбаздарға қарап, қария өткен күнге оралғандай күй кешеді. Өйткені өзі де өрімдей шағында елі мен жері үшін шыбын жанын шүберекке түйді.

Қарт майдангерді 55-де 73-ші әскери бөлімнің оғландары ғана емес, әкімдік өкілдері де құттықтады. Кейінгі ұрпақ бейбіт заман сыйлаған ардагерлерді қашан да ардақ тұтады. «Хабар» агенттігінің ұжымы да қазыналы қарияға жанқиярлық ерлігі үшін алғыс айтып, құрмет көрсетті.

Тұрысбек атай әлі тың. Орайы келсе, әдемі қалжыңмен қағытып, әсерлі әңгімесін бастайды. Садықовтар әулетінен қалған жалғыз тұяқ 18-ге толар-толмаста әскерге алынған. Қиыр Шығыста әскери теңіз күштерінде жапон содырларына қарсы күресті. Тоқтаусыз жауған оқ саябырсып, Жеңістің сәті жеткен күннен кейін де ел шебін қоруды жалғастыра берді.

Тұрысбек Садықов, соғыс ардагері:

– Күзетте тұрдық. Үш отряд. Постты тастап кетсең, сотталасың. Мен бір рет кеткем жоқ. Мен таза тұрдым, маған айтты сен сияқты 20 адам болса жарар еді, сен біреу ғанасың деді.

Азапты күндер санада көмескіленді. Бірақ жүрекке жара боп жабысты. Бүгінде қарияның балалары да соғыс даласынан жеткен естеліктерді ұл-қыздарына өнеге етіп, айтып жүр. Айрандай ұйыған шаңырақтың мәуелі бәйтерегіндей болған Тұрысбек Садықовтың жалғыз арманы бар. Ол – ұрпағының амандығы.

Берік Жәкенов, Нұр-Сұлтан қаласы «Есіл» ауданының әкімі:

– Бүгінгі таңда біздің ауданымызда 3 ардагер тұрады. 272 тыл және еңбек ардагері бар. Біз өзіміз ардагерлердің ұрпағымыз. Бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымыз сол кісілердің арқасы. Ол кісілер біздің әлеуметтік өмірімізде қамқорлығын көрсетіп отырады.

Жыл озған сайын ардагерлердің қатары да азайып қалды. Елорданың өзінде 25-і ғана бар. Бірақ ер өткенмен, ерлік мәңгілік.

Назерке Тоқжан, Диас Қобланбаев