«Темір генерал» атанып кеткен Сабыр Рақымов туралы не білеміз?

Өзбекстанның тұңғыш генералы – Сабыр Рақымов.

Даңқты қазақ батырын қазір ел таниды. Сабыр Омарұлы Отан соғысы жылдары өшпес ерлік көрсетіп, жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты. Ол майдан даласында 37-гвардиялық дивизияны басқарып, Польша жерін азат етуге қатысқан. Бірақ жеңіске 1,5 ай қалғанда жарақат алып, қаза табады.

Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты батыры Сабыр Рақымов Түркістан облысы Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Ерте жасында әкесінен айырылып, нағашы жұртында, өзбек жерінде өсті. Сол жақтан майдан даласына аттанып, жаһан жұртына қауіп төндірген фашистік Германияға қарсы соғысты. Өшпес ерлік көрсетті.

Академик Қалдыбек Сейданов Сабыр Рақымов екі елдің ғана емес, жалпы Орталық Азияның мақтан тұтар батыры дейді. Сталиннің өзі «Темір генерал» деп атауы бекерден бекер емес. Себебі Сабыр Омарұлы сұрапыл соғыста өзінің ерекше қабілеті мен қайсарлығын көрсеткен дейді.

Қалдыбек Сейданов, академик:

– Мәселен, маршал Жуковтардың, Малиновскийлардың, Ракосовскийдің, яғни тарихи тұлғалардың қол астында болған, оның қайсарлығын, қажырлығын көргеннен кейін шын мәнінде генерал осындай болу керек деп қатты құрметтеген.

«Темір генерал» Сабыр Рақымов отты жылдары дивизияны басқарған. Ол Ростов, Дон бойында кескілескен ұрыс жүргізді. Кейін Белоруссияны және Польшаны азат етуге қатысты. Негізі Сабыр Омарұлы соғысқа майор шенінде аттанған болатын. 1944 жылы Мәскеуде жоғарғы әскери академияны тәмамдап, генерал-майор атанды.

Мавлюда Рашидова, музей қызметкері:

– Сабыр Рақымов 1945 жылдың 26 наурызында Польша түбінде ерлікпен қаза табады. Нақтырақ айтсақ, Гданьск қаласындағы ұрыста жаудың оғынан көз жұмады. Даңқты генералға Кеңес Одағының батыры атағы тек 1965 жылы берілді. Яғни 20 жыл өткеннен кейін әділдік орнады.

Даңқты батырдың ерлігі қаза тапқаннан кейін бағаланса да, көрші елде Сабыр Рақымовқа қатысты бірқатар әділетсіздік болғанын жасыру қиын.

Риат Шони, тілші:

– Ташкенттің Алмазар ауданындағы Жеңіс саябағы. Бұрын бұл аудан Кеңес Одағының батыры Сабыр Рақымовтың атында болатын. Бұндағы темір генералдың ескерткіші 2011 жылы алып тасталған еді. Кейін араға 7 жыл салып, Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзиёев ескерткішті бұрынғы орнына қайта орнатқызды. Ал бұл аудан әлі де Алмазар аталып келеді.

Қалдыбек Сейданов, академик:

– Кешегі тоталитарлық қоғамда 1991 жылы өз-өзінен берекесі кетіп, бүлініп, жоқ болып кеткен СССР кезінде Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкентте Сабыр Рақымов атындағы бір аудан және метро аялдамасы, саябақ, көше болатын. Кешегі күнге дейін қазақтар біздің баламыз деп қоймағаннан кейін, бірінші президентіміз Ислам Каримов мұның барлығын жойып тастаған еді.

Ұлты мен дініне қарамастан Отан үшін от кешкен ерлердің есімін де, ісін де ұмытуға болмайды. Бұл перзенттік парыз. Сондықтан да Сабыр Рақымовтың есімі әлі талай ұлықталады деп сенейік.

Риат Шони, Санжар Шатуляганов