Қостанай облысында Жеңістің 76 жылдығын 63 ардагер қарсы алды

Қостанай облысында Жеңістің 76 жылдығын 63 қарт майдангер қарсы алды.

Мерекелік шаралар ардагерлер тұратын үйлердің ауласында өтті. Өнерпаздардан құралған әскери бригада концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Ардагерлерге сый-құрмет көрсетті. 

Осылайша, ардагерлер тұратын үй аулаларында бес күн бойы соғыс әндері шырқалды. Мерекелік концертті тұрғындар да тамашалады. Бірі терезеден қараса, енді бірі қарт майдангерлерді қолдау үшін аулаға шықты.

Қайрат Ахметов, қала әкімі:

– Қаламызда қазір 33 ардагер бар. Мемлекеттен әр түрлі көмектер беріліп жатыр. Бір миллион теңге шамасында көмек. Оның сыртында ай сайын берілетін 10 АЕК олар алған болатын.

Еуропаны жаудан азат етуге қатысқан Қасымхан Алдабергеновтың жасы 95-те. Қария әлі де тың. 18 жасқа толмай соғысқа аттанған ол әуе десантында қызмет етті. Артында өшпес із қалдырған боздақтардың ерлігін жас ұрпақ ұмытпаса дейді ардагер.

Қасымхан Алдабергенов, соғыс ардагері:

– Украина мен Ресейдің, тәжіктер мен қырғыздардың арасында алауыздық болмауға тиіс. Тіпті қантөгіс те жүріп жатыр. Бұлар кешегі жұдырықтай әлемге Жеңісті әкелген халық. Ұлтарақтай жер үшін кан төктік қой. Жер деген не? Ол сенің анаң. Сенің ауылың.

Михаил Подоляков Қасымхан ақсақалмен түйдей құрдас. Курск шайқасында болып, Днепрді қорғады. Соғыстан соң 50 жылдан астам статистика саласында жұмыс істеді.

Михаил Подоляков, соғыс ардагері:

– Біздің көргенімізді жастар көрмесін. Әр уақытта бейбітшілік заман болсын! Жастарға айтарым, ынтымақты болыңдар!

Соғыс жылдары Қостанай облысынан 73 мыңнан аса жауынгер қан майданға аттанды. Солардың 40 мыңға жуығы елге оралмады.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров