Тылдағы тынымсыз еңбек

Ертіс өңірінің полицейлері соғыс және тыл ардагерлерін Жеңіс мерекесімен құттықтады.

Соғыстан кейін олар ішкі істер органдарында ұзақ жыл еңбек етті. Бүгінге дейін облыстың құқық орғау саласында 100-ден астам соғыс ардагері мен 300 тыл ардагері қызмет атқарыпты.

Соғыс басталғанда Қабиден ата жеті жастағы бала еді. Ертіс ауданының бұрынғы 10 жылдық совхозында туған. Торқалы 90 жасқа толған қария жеңіс мейрамын жылдағыдай әулетімен бірге атап өтеді.

Қабиден Жетпісов, тыл ардагері:

– Ер адамдар жоқ, бәрі соғысқа кетті. Содан өгізбен жер жыртып, егін сеуіп, оны орып, сондай жұмыс істедік. Мектепке бармаймыз, жұмыс керек, егін керек, бидай керек. Соғыстағыларға тамақ керек. Киім керек деген сияқты. Осындай жұмыс істедік. Әйтеуір соғыс бітті. Соғыс біткенде радиодан сөз естігенде, қуанып, көзімізден жас шығып кеткен.

Қабиден Жетпісов 18 жасқа толған соң Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Әскерге дейін комбайншы мамандығын игеріп, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп үлгерді. Кейін ішкі істер органдарына шақырту алған. Бүгінде соңынан ерген жас мамандар үшін үлгі-өнеге болған жайы бар.

Жанат Жетпісов, Қ.Жетпісовтың ұлы:

- Кішкентай кезінде ересектерге алқаптан егін оруға көмектескенін жиі еске алады. Әкем – әулетіміз үшін нағыз батыр. Әкемдей адамдар болмаса, осындай бейбіт күнде өмір сүрер ме едік. Оларға қанша алғыс айтсақ та, аздық етеді.

Екатерина Тюрина Қырғыз елінде туып, кейін жолдамамен Павлодар облысына келген. Ішкі істер органдарында радист-механик қызметін атқарған. Бүгінде сала ардагері. Соғыстың алғашқы жылдары бала болса да, ауылдастарымен бірге тылда еңбек етті.

Екатерина Тюрина, тыл ардагері:

– Соғыс жылдарында су кешіп, күріш өсірдік. Ол кезде бала едік. Өзім Милянфан ауылында туып-өстім. Ауыл азаматтары тынымсыз еңбек етіп, жиған-тергеннің барлығын майданға жіберіп тұрды. Біз де аянбадық.

Жандос Орынбаев, облыстық ПД басшысының орынбасары:

– Олардың әрқайсысы біз үшін үлгі тұтар жандар. Сұрапыл соғыстың бел ортасында болмаса да, әрқайсысы Ұлы Жеңісті жақындатуға атсалысты. Сондықтан ата-әжелерімізге құрмет тұтуды парыз деп білеміз.

Өңірден Ұлы Отан соғысына 46 мыңнан астам жауынгер аттанған. Отан үшін отқа түскендердің тең жартысы майдан даласынан оралмады. Ал 9 мыңға жуық офицер мен сарбаз хабар-ошарсыз кеткендер санатында. Соғыстың алғашқы жылдары Ертіс өңірінен майданға 580 центнер астық, 440 центнер ет, 325 центнер картоп пен 25 мың литрден астап сүт жіберілген.

Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков