427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыда Нюрнберг процесіне қатысқан ардагер тұрады

  • 111
  • UPD: 23:16, 09.05.2021

Бұл тарихтағы ең атышулы сот отырысы.

Фашистік Германияның басты әскери қылмыскерлері мен саясаткерлерінің сотында ондаған адам өлім жазасына кесілсе, біразы 20 жылға дейін темір торда жазасын өтеуге кесілді. Соғыс ардагері Серафима Пономарева сот отырысында аудармашы болыпты. 

Серафима Пономареваның айтары көп. Бүгін де оны жастар құттықтап, батасын алуға келген. Тоқсан төрттегі қария кәдімгі полиглот. Орыс тілінен бөлек, ағылшын, неміс және француз тілдерінде еркін сөйлейді. Білімді қыз 17 жасында майданға аттанады. Маршал Жуковтың штабында жұмыс істеп, Берлинге дейін жеткен.

Серафима Пономарева, соғыс ардагері:

– Тарихты бұрмалауға болмайды! Рейхстагқа ту тіккен қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев болатын. Берлинге жеткенде қанға бөккен көшені, отқа оранған көк пен жердің арасынан кеудесін оққа тосып жеңіс туын тіккен еді. Сол жолғы кескілескен шайқаста тек қана біздің армиядан 648 мың жауынгер мерт болыпты. Мен қазір жүзге жуықтасамда кейде түсімнен шошып оянамын.

Ардагер соғыстан кейінгі 5 жылын Берлинде жұмыс істеп өткізген. Сотқа дейін дерек жинау үшін фашистік концлагерлердің барлығын аралап, тұтқындармен тілдесіпті. Ал сұрапыл соғыстың жетекшілерінің қылмысы қаралған Нюрнберг процесінде тағы да аудармашы болады.

Серафима Пономарева, соғыс ардагері:

– Нюрнберг сот процесінде қаралған әрбір іс аса құпия болатын. Біз әр отырыстан соң бұл жайында ешкімге тіс жармау туралы қолхатқа қол қоятын едік. 12 сағат бойы жұмыс істейтінбіз. Сол жылдары әлемде алғаш рет ілеспе аударма пайда болды. Процесте басқыншы фашистердің тіпті әйелдер мен балаларды аямай, миллиондап қырғаны жүрегімізді езетін. Бұл өте қорқынышты жылдар болатын.

Адамзат тарихындағы ең алапат шайқасқа Қарағанды облысынан барлығы 45 мың адам аттанса, соның 18 мыңы майдан даласында шейіт болған екен. Бүгінгі күні облыста тек 44 соғыс ардагері қалған. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы