Сәрсенбай Қаңтарбай – Б.Момышұлының құпия тапсырмаларын орындағандардың бірі

Алматы облысында да қарт майдангерлерге құрмет көрсетілді.

Жеңістің 76 жылдығын 41 соғыс ардагері қарсы алды. Облыс әкімі Амандық Баталов екі ардагерді құттықтап шықты. Олардың бірі – Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлының қаруласы.

Сәрсенбай ақсақал – даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының құпия тапсырмаларын орындағандардың бірі. Қарт майдангер соғыстың басты қаруы саналған катюшаға жауапты болған.

Сәрсенбай Қаңтарбай, соғыс ардагері:

- 35 старшина катюшаны күзеттік. Бауыржанның бұйрығымен. Оған берілген нөмірі 49 катюша. Оны айтпайды еш жерде. Кім айтады, жауапкершілікке тартылады. Ол жойғыш қару ғой. Қай жерде самолет, бензин болады, сол жерді атады. Бір жерде катюша он бес минут тұрады. Атып атып кетеді, жердің бәрін күйдіріп жібереді.

Соғыс ардагері Польша, Литва, Латвия, Румыния сынды бес мемлекетті жаудан азат етуге қатысқан. Берлинге жүз шақырым қалғанда қолынан ауыр жарақат алып, Мәскеуге жіберіліпті. Қарт майдангер елге келген соң ұстаздық етіп, пошта бөлімшесін басқарған. Он бір бала тәрбиелеген қарт майдангерді облыс әкімі құттықтады.

Ал Михаил Баранов майданға 1941 жылы шақырылып, 796 атқыштар полкінің құрамында соғысқан. Ұрыс даласында алған жарақатына байланысты кейін геодезист мамандығын меңгеріпті. 1946 жылға дейін Моңғолиядағы отрядта болған қарт майдангерге де бүгін құрмет көрсетілді.

Жеңістің 76 жылдығына орай өңірдегі ардагерлердің барлығына 1 млн теңге беріліп, тарту таралғылар жасалды. Сонымен қатар 328 млн теңге бөлініп, 9 мыңға жуық адамға қаржылай көмек көретілмек.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Сондай-ақ...