427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-да мектеп мұғалімі соғыста із-түзсіз кеткен жауынгерлерді іздеумен айналысады

  • 148
  • UPD: 23:12, 09.05.2021

Майдан даласында мерт болған боздақтарды тауып, есімдерін елге таныту басты мұратымыз дейді Батыс Қазақстан облысы Мерей ауылында ұстаздық етіп жүрген Сергей Лапшин.

Ол 14 жыл бойы достары және шәкірттерімен бірге соғыста із-түзсіз кеткен жауынгерлерді іздеумен айналысып келеді. Сергей Ресейдің Новгород, Тверь, Калуга секілді облыстарына барып қайтты. Соңғы жылдары Сталинград майданының ең жақын тылы саналған Жәнібек пен Бөкей Ордасы аудандарында іздеу жұмыстарын жүргізіп, 30 шақты жауынгердің мүрдесін тапты.

Сергей Лапшин соғыс өрті шарпыған аумақтардан соңғы жылдары 34 жауынгердің мүрдесін тауыпты. Олардың арасында теңіз жаяу әскері сапында жүріп фашистердің әуе шабуылына тап болған боздақтар да аз емес. Батыс Қазақстан облысы Сталинград майданының ең жақын тылы болғаны белгілі. Бұл аумақтан теміржол арқылы майдан шебіне оқ дәрі мен азық-түлік жеткізілді. Соғысқа аттанған сарбаздар мен жаралылар жау шабуылына жиі ұшырап тұрды.

Сергей Лапшин, М.Мәметова атындағы іздеушілер жасағының жетекшісі:

- Жәнібек ауданына сапарымызда ұрыс кезінде жерге құлаған ұшақты тапты. Бұл Батыс Қазақстан тарихы үшін аса құнды жәдігер. Жәнібектегі жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл ұшақ 1942 жылы атып түсірілген. Әуе шайқасы кезінде ұшақ аспанда өртеніп, кейін жерге құлаған. Бірақ ұшқыштың мүрдесін табу мүмкін емес.

Іздестіру жұмыстарына жоғары сынып оқушылары да тартылыпты. Майдан жәдігерлерін өз көзімен көрген шәкірттер алған әсерлерімен былайша бөлісті:

Бахтияр Бақытқалиев, оқушы:

- Қазғанда бір басқаша сезім болады. Қорқынышты, аянышты болады. Іздеген адамдары бар ғой, тапқанда қуанып қаласың. Нағыз қазына солар ғой. Мақсатымыз – соғысқа барған аталарымызды тауып, оларды нағыз батырлар секілді жерлеу.

Ахмет Мұстахимов, оқушы:

- 2020 жылы Сергей Владимировичпен Жәнібек жаққа бардық. Сол кезде 17 солдатты көтердік. Біреуі теңіз әскері. Негізінде біз 38 теңіз әскерін табу үшін бардық. Қазіргі уақытта 16-сын тауып тұрмыз. Солдаттардың қасында тауып алған заттарымыз міне. Мынау ілгегі. Бомбаның сынықтарын таптық. Қасықтарында жазулары бар, қай жылғы екені.

Айта кету керек, Сергей Лапшин бастаған топ жыл сайын іздеу жұмыстарына өз қаражаты есебінен барып жүр. Сондықтан қандай да бір демеушілік пен қолдауға зәру екені анық. Ал майдан даласында мерт болғандардың мүрдесін іздеп табу оңай іс емес әрі таяу келешекте аяқталмасы да белгілі. Осы уақытқа дейін із-түзсіз жоғалғандар санатындағы 200-ден аса жауынгердің мүрдесі табылып, жеке басы туралы мәліметтер анықталыпты. Біздің мақсат – ісімізді соңғы сарбаздың есімі анықталғанға дейін жалғасытыра беру дейді Сергей Лапшин.

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы