БҚО-ның Шежін ауылындағы қараусыз қалған алма бағы қайта гүлдейтін болды

Батыс Қазақстан облысының Шежін ауылындағы қараусыз қалған алма бағы қайта түлейтін болды.

Кезінде жеміс ағаштары жайқалған бақ тоқсаныншы жылдары тозып, кейін мүлде құрып тынған. Көлемі 5 гектар болатын алма бақты жандандыруды ауыл кәсіпкерлері қолға алыпты. Аудан басшылығы бақтың бұрынғы жерін рәсімдеуге көмектессе, ауыл халқы жерін жыртуға қол ұшын созған. 

Кәсіпкер Бейбіт Иманғалиев кезінде «Жасыл ел» жасағына басшылық етіпті. Содан болар тынымсыз тірліктің арасында жасыл желек егу жұмыстарына бей-жай қарамайды. Қазір ол қараусыз қалған бақты қайта түлетуге бел шеше кіріскен.

Кәсіпкердің айтуынша, салған қыруар қаражат пен маңдай тердің өтеуі халыққа тиген пайдамен өтелсе болғаны.  

Бейбіт Иманғалиев, кәсіпкер:

- Қазіргі таңда Тасқала ауданының Шежін ауылында көлемі 5 гектардың 1 гектарына осындай алма ағаштарын отырғызып жатырмыз. Негізгі меже 350 еді, бірақ 1 гектарға 500 түп алма көшеттерін отырғызып жатыр. Алматыдан зерттеу ғылыми институттан агроном шақырып отырмыз. Бұл жер өте құнарлы, айналасы қоршалған қардан желден қорғайды. Аудан әкімінің қолдауымен, жергілікті халықтың атсалысуымен іске асып жатқан жұмыс. 

Оразғали Балмолдин, Шежін ауылының тұрғыны:

- Бұрынғы уақытта алма бағы болған осы жерде керемет. Содан бұзылған ғой. Содан кейін совхоз қайтадан қолға алып үкімет тарағаннан кейін қайтадан бүлініп қалды. Жүрегіміз ауырады, болашағы бар деп елестетем мен, осындай қалталы азаматтар, белсенді фермерлер көп еңбек жатыр ауылға.   

Бағбанның айтуынша, бұл алма бағы 3-4 жылдан кейін өнім бере бастайды екен.

Айта кету керек, биыл аймақта «Менің аулам – менің бағым!» атты жоба бастау алды. Көлемді акцияға мектеп оқушылары, әлеуметтік мекемелер мен ауыл тұрғындары белсене қатысады. Қазірдің өзінде 7 мыңға жуық тал-терек отырғызылған. Абаттандыру жұмыстарына мектеп шәкірттері де тартылады.

Алдияр Халелов, Тасқала ауданының әкімі:

- Биыл 100 балаға қаражат бөліп отырмыз аудан көлемінде. 80 мыңнан жоғары табыстары болады. Балалар оқушылар осы садта жұмыс істеуі керек жазда. Бұл округтің жері, 5-10 жылға арендаға ала алады. Бұл жерде 10 гектар жер бар. Шартқа ауыл әкімімен бірге отырады. Мектеп балалары осы жерде жазғы каникулда жұмыс істей алатындай көрсетіледі шартта.    

Алма бағын түлетуге кіріскен бағбан бірнеше ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтымақ ниетте.

Ағаш отырғызу науқанына арнайы келген агроном маманның айтуынша, мұнда алманың бірнеше сұрыпы егілмек. Еңбекқор ауыл халқы жыл сайын картоп егуді де дәстүрге айналдырған.

«Тал-терек егу сауапты іс, ал туған өлкені жасыл желекке айналдыру баршамыздың ортақ мұратымыз», - дейді ауыл тұрғындары. 

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...