Өскеменде мүгедек жан тегіс бір ауданды маскамен қамтамасыз етіп отыр

Шығыс Қазақстан облысында арбаға таңылған ару бүкіл бір ауданды медициналық бетпердемен қамтамасыз етіп отыр.

«Кедергілер мені тек шыңдай түседі» дейді тігінші Жанна Жабекова. Карантиндік шектеулер күшейіп тұрған кезде ол бірден уақыт талабына ыңғайланып, бетперде тігуге ойысады. Осылайша кәсібін бір сәтке де тоқтатпай келе жатыр.

Өмірге құштар өжет қыз Жанна Жабекова көпке үлгі. Осыдан 11 жыл бұрын жол апатында мойын омыртқасы зақымданып, содан қоларбаға таңылады.  Арбада отырса да Жанна бір азамат алып жүретін кәсіпті атқарып отыр. Тігіншілікке бет бұрған оның өнерімен тек облыс ғана емес, бүкіл ел таныс. Қайсар мінезді ару бірнеше конференцияға қатысып, көрген білгенін іске жаратып келеді. Еңбектің арқасында ешкімге қол созбады.

- Компьютер себе купила, мебель обновила.

Жанна уақыт талабына тез төселді. Пандемия басталып, карантиндік шектеулер күшейгенде қарап отырмай жұмсақ ойыншықтармен қатар бетперде тігуді қолға алды. Бастапқыда медициналық қорғаныш бұйымын 5 мың даналап тіккен. Қазір есебінен жаңылды.

Жанна Жабекова, кәсіпкер:

- Бетперде тігудің де өз қызығы, ерекшелігі бар. Адамдар бір-біріне ұқсағысы келмейді, әрқайсы өзінше бір дара, айрықша бетперде таққысы келеді. Кестелеп, өрнектеп тіккізетіндер де бар. Сондықтан осы қорғаныш бұйымына деген тапсырыс көп.

«Осылайша Жанна жұмысқа белсене араласып, тіпті өзіне бос уақыт қалдырмайтын болды» дейді анасы Руфа.

Руфа Жабекова, Жаннаның анасы:

- Кейде Жанна жұмысқа бар жан-тәнімен кірісіп, барлығын ұмытып кетеді. Сондықтан мен үнемі қадағалап, жаттығуын есіне салып отырамын. Өйткені ол үшін қоғаммен байланыс та, кәсібі де қаншалықты маңызды болғанымен денсаулығы әрине бірінші орында болуы керек.

Алайда карантин талаптары құбылып тұрған бұл уақытта оңалту орталықтарына жету мұң. Сондықтан Жанна әкесі жасап берген түрлі құрылғылар көмегімен дене жаттығуларын жасап жүр. Бұдан бөлек ауылдағы бүлдіршіндерді іске икемдеуге де уақыт тапқан.

- Обхватываем ушко,затягиваем, чтобы она была пропорционально (следим чтобы она не съехала).

Эльдана Омарбекова бар болғаны екінші сыныпта оқиды.Қазір өзіне ұнаған ойыншықтарын өзі-ақ тігіп алады.

Эльдана Омарбекова, оқушы:

- Тышқан тіктім, сосын осындай күнді тіктім.

- Қане көрсете қойшы.

- Қанша күн тіктің андағыны.

- Екі. Көп нәрселер ойыншықтар сосын қуыршақтар сондай.

Жанна Жабекова, кәсіпкер:

- Сіздер осында соңғы рет келгелі бес жыл болып қалды. Сол кезден бері көп нәрсе өзгерді. Мен бұрын үйде, бір бөлменің ішінде жұмыс істеуші едім. Ол жерде тігінге қажетті заттар бар, өзім жаттығатын аппараттар бар, барлығы бірінің үстінде бірі тұратын. Ыңғайсыз еді. Енді мінеки ұтып алған грант арқасында, осындай шағын ғимаратта ісімді дөңгелетіп отырмын.

Жанна осымен тоқтамақ емес. Ойыншық тігу мен оны бояудың түрлі әдіс-тәсілдерін меңгеріп жатыр.

Болашақта ісін кеңейітіп, «өзіме де, елге де пайдам тисе» деген ниетте.

Авторлар: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов