Қызылорда облысындағы ардагерлердің жүрегінде жеңіс жалыны әлі лаулап тұр

Қызылорда облысында он бір Ұлы Отан соғысы ардагері бар. Соның үшеуі Қазалы ауданында тұрады. Неміс басқыншыларына қарсы соғысқа эшалонмен аттанған өрімдей өрендер қазір 100 жасқа таяған абыз ақсақалдар. Отан қорғауға өздері сұранып, майдан даласынан тірі оралған жауынгерлердің кеудесінде жеңіс оты әлі де лаулап тұр.

Қабақ Смағұлұлы 1942 жылы әскер қатарына алынып, зениттік артиллерия және пулеметшілер құрамында майданның алғы шебінен бір-ақ шыққан. Сөйтіп, Тула, Орел қалаларын азат етуге қатысады.

«Қару-жарағы түгел жауға жалаң қолмен қарсы шықтық» деп еске алады қарт майдангер. Полк командирін қорғап жүріп, ауыр жарақат алған жауынгер 1943 жылы елге жіберіліп, жеңіс тойын туған жерде қарсы алу бақыты бұйырды. 

Қабақ Смағұлұлы, соғыс ардагері:

- Орел деген қаланы алдық. 3 беріп, 3 рет алдық. Қырылып қалдық. Өйткені бізде құрал жоқ оңды. Мистер Шмидт деген немістің истребителі болды. Сағатына 1100 шақырым ұшады сол уақытта. Ал біздің ұшақтар 400-600 км екен. Өткен өмір, қалай кеткені, қалай болған? Бұрын кеңшарда есепші болып істеп едім, соны жалғастырдым.

Ал Қазалының топырағынан түлеп ұшқан Тілеуберген ақсақал жеңісті Германияда қарсы алған. Танк тізгіндеген темір жігіт Польша, Чехословакия, Румынияны басқыншылардан азат етіп, Берлинге барып бір-ақ тоқтаған. Қолбасшылардың ақпаратты талдап саралайтын оң қолы болғандықтан соғыстан кейін де әскери қызметке қалдырылған.

Тілеуберген Тубабергенов, соғыс ардагері:

- Біздерді штабқа алып қалды жұмыс істейді деп. Штабта жұмыс істеп, сонымен 1947 жылы келдік ауылға қыркүйекте. Келсем баяғы соғысқа кеткен балалардан 3-ақ бала келіппіз, басқасы жоқ. Қоймен бірдей ТОПАН БОЛЫП ҚЫРЫЛЫП ҚАЛДЫ бәрі. Содан 1948 жылы темір жолға күзетші болып кіріп, жұмыс істеп кеттік. 

Жеңіске жеткізген, ең алдымен еңбек, сосын ерлік екенін айтқан қос жауынгер соғыстан оралысымен халық шаруашылығын көтеруге атсалысты. Жалпы Қазалыдан 10 мыңдай өрен майданға аттанып, оның жартысына туған жер топырағы бұйырмаған. Карантиндік шектеулерге байланысты ардагерлерді ұлықтау шараларына тыйым салынғаны белгілі. Әйтсе де тәжік-ауған соғысының ардагерлері мен жастар ұйымдары жеңімпаз буынға тағзым етуді ұмытпады. 

Авторлар: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев