Шемонаихада жалғызбасты ана үш баласымен далада қалуы мүмкін

Жалғызбасты ана 3 баласымен далада қалуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалдап тұрып жатқан пәтерін үй иесі тез босатуды талап еткен.

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха қаласының тұрғыны Кристина Лутай жетімдер үйінде өскен.

Сондықтан бара қоятын да жері жоқ. Шарасыз ана біздің арнаның тілшілерінен көмек сұрап келді.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- 26 жастағы Кристина Лутай Бородулиха ауданы Жаңашүлбі облыстық балалар үйінің түлегі. Қазір мына Шемонаиха қаласының шетіндегі шағын жер үйді уақытша паналап отыр. Айына 25 мың теңге төлейді екен. Оның өзін қожайындары шұғыл арада босатуды талап етіп отыр. Ал бұдан қымбат баспана жалдауға шамасы жетпейді. Жалғызбасты ана 3 баласына алимент алмайды, өйткені шетел азаматымен ресми некеде болмаған. Жалғыз табыс көзі – балалардың жәрдемақысы.

Кристина Лутай, Шемонаиха қаласының тұрғыны:

- Күйеуім жоқ, өзім жұмыс істемеймін, кішкентай баламды қарап үйде отырмын. Жалдамалы пәтерден күнде шығарамыз деп есімізді шығарады. Қамқоршылық бөлімінен де келіп тұрмысымызды тексеріп тұрады, балаларды менен алып қоя ма деп қорқамын. Әкімдікке, прокуратураға бардым, әзірге нақты шешім жоқ. Өзім жетімдер үйінде өскен соң жанашыр ешкімім болмай тұр, бір көмек болса екен деймін.

Кристинаның сөзінше, ол бұған дейін Бородулиха ауданына баспана кезегінде тұрған. Ал Шемонаихаға көшіп келгеніне көп болмапты. Мұндағы кезекке тек осы жылдың наурыз айында тіркеліпті. Жетім балалар тізімінде 218-ші болып тұр. Ал жергілікті әкімдік бұл мәселемен жақсы таныс болғанмен, заң бойынша тұрғын үй қорынан бірден баспана беру қиындау екенін айтады. Өйткені салынып жатқан үйлер саны аз, ал мұқтаждар қатары жыл санап өсіп келеді.

Бақытжан Молдаханов, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:

-Биыл 16 пәтер іске қосамыз, келесі жылы 60 пәтер іске қосамыз, барлығы 76. Кезекте тұрғаны 689 адам, оның ішінде жетім балалар санатында 219, соның өзінде беріп жататын болсақ, жаңағы Кристинаға бұл үйлер берілмейді. Бір-екі жылда беру мүмкіншілігі жоқ. Сонымен қатар біз басқа да мүмкіндіктерді қарастырамыз. Көмек көрсету комиссиясы арқылы қазір бұл сұрақты шешуге тырысамыз. Демеушілерге өтініш береміз, осындай жағдайды түсіндіріп айтып береміз. Тіпті болмаса, Шемонаиха қаласы болмаса, ауылды жердегі үйлерден үй алып, сол тұрғанға мүмкіндік жасап, қарастырамыз.

Кристина өз үйі болмағандықтан, тіркеуге тұрғаны үшін де өзгелерге айына 10 мың теңге төлеуге мәжбүр екен. Әкімдіктегілер бұл мәселені де оң шешіп, жатақханалардың біріне тегін тіркелуге мүмкіндік жасалатынын айтты.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Сондай-ақ...