Лондондағы отандастар қан майданда от кешкен батырлардың рухына тағзым етті

Пандемияға байланысты Лондонда Жеңіс күнін жылдағыдай кеңінен тойлай алмады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен, Империялық әскери мұражай жанындағы мемориал жанында еске алу рәсімі ұйымдастырылып, қан майданда от кешкен батырлардың рухына тағзым етілді.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Семей қаласының тумасы Ғазиза Анафина Лондонда тұратын балаларын көру үшін Ұлыбританияға қыдырып келген. Жеңіс күнінде ол соғыс ардагері, атқыштар девизиясының жауынгері болған әкесі Қалдыбек Имашевты еске алу үшін гүл шоқтарымен мемориал жанына келді.

Ғазиза Анафина, зейнеткер:

- Қазір ол кісі жанымызда жоқ. Біз әр 9 мамыр күні Семейдегі қыздар бейіт басына барып, Құран бағыштап қайтамыз. Ал мында мен бірінші рет келіп отырмын.

Еске алу рәсіміне посткеңестік елдердің дипломатиялық миссия өкілдері қатысып, гүлдестелерін қойды.

Барри Харгроув, Саутуарк округінің мэрі:

- Мен бүгінгі іс-шараға Саутуарк округы халқының атынан қатысу құрметіне ие болдым. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес әскерінің қосқан өлшеусіз үлесі алдында басымызды иеміз. Олар өз өмірін құрбан етіп, бізге бостандық сыйлады.

Әдетте бұл жерге халық көп жиналатын. Әсіресе, соғыс ардагерлері бір-бірімен қауышып, мәре-сәре болатын. Бірақ өкінішке қарай олардың қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Оның үстіне пандемия тудырған қауіпке байланысты көбі үйлерінен шыға алмаған.

Ральф Гибсон, Британиялық кеңестік әскери естелік қорының құрметті хатшысы:

- Ескерткішті қоюдағы басты мақсаттың бірі – бұрынғы КСРО елдерінің жеңісті жақындатудағы үлесін халық жадында сақтау. Қазақстан, Қырғызстан, Грузия, Украина, Ресей, Беларусь, Балтық республикалары бірге әрекет етті. Бүгінде одақ ыдырағанына қарамастан бұл мемлекеттер ұлтшылдыққа қарсы жұмыла күресе білді.

Кеңес жауынгерлері мен азаматтарына арналған ескерткіш 20 жыл бұрын ашылған. Қоладан құйылған 3 метрлік мемориалда төмен қарап тұрған әйел бейнеленген. Мүсінде естелік жазулар жазылған гранит тақта бар. Оның астында фашизмді жеңуге үлес қосқан елдерден әкелінген топырақ көмілген.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы