Елордада танымал эколог Мұсағали Дуамбековке ескерткіш тақта қойылды

Бүгін елордада қоғам қайраткері, танымал эколог Мұсағали Дуамбековке ескерткіш тақта қойылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Азаматтық альянстың» вице-президенті болған азаматтың 60 жылдығына орай қала саябақтарының бірінде 60 түп ағаш егілді. Шараға марқұмның туыстары және салада жүрген әріптестері қатысты. Айта кетейік, Мұсағали Дуамбеков өмірін тек экологиялық мәселелерді шешуге ғана емес, құқық қорғау саласын да дамытуға арнаған. Ол «Қазақстан экологиясы», «Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіздігі», «Экологиялық менеджмент» кітаптарының авторы. Сондай-ақ «Экологиялық таза өнім» стандартының бекітіліп, өндіріске енгізілуіне сүбелі үлес қосқан. Мұсағали Сәрсенбайұлы басқарған Халықаралық экология акедемиясы 150-ге жуық компанияға эко стандарттық сертификатын берді.

Зәуреш Батталова, Қазақстандағы Парламенттілікті дамыту қорының төрайымы:

- Біз Мұсекеңмен бірге жемқорлық саласында нақты өзгеріс жасау үшін жұмыс жасадық. Ауыл шаруашылығы министрлігінде жұмыс жасағанда ауыл шаруашылығының қирағаны, жетіспеген жағдайлары, оны қалай өзгерту керек, заңдардан бастау керек, заңдарды сараптама өткізейік, ең соңғы өзіміздің жобамыз еді. Өкінішке орай, бүгінде Мұсекең сияқты белсенділер аз. Көбі мемлекеттік қызметке барса, ол қоғамдық қызметті өзіне бір ұстаным ретінде алған.