ШҚО-дағы орманның бірінен өрт шығып, 14 үй отқа оранды

Шығыс Қазақстан облысында Риддер маңындағы орман өртеніп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Әлеуметтік желіде куәгерлердің оқиға орнынан түсірген видеолары пайда болды. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, өрт ауылға қарай бағытталып бара жатыр. Ауыл тұрғындары өздігінен үй жануарлары мен техникаларын эвакуациялап жатыр.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті орман өртеніп жатқанын растады.

«Бүгін 101 қызметіне Риддер орман шаруашылығының жанындағы Лесхоз кентінің тұрғындарынан шамамен екі гектар алқапта құрғақ шөптің жана бастағаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына ШҚО ТЖД орман шаруашылығы және өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері келді. Өртті сөндіруге барлығы алты техника мен жеке құрамның 100-ден аса адамы жұмылдырылды», - деді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі өкілдері.

Өрттің неден шыққаны әзірге белгісіз, алдын ала болжам бойынша отты абайсыз қолдану, бірақ тұрғындар қасақана өрт шыққанын мәлімдеді.

Айта кетейік, өңірде бірнеше күннен бері ауа температурасы жоғары.