426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Киіктер жайылымды бүлдіріп, шабындықты шаң қылды – батысқазақстандық шаруалар

  • 201
  • UPD: 12:10, 11.05.2021

Батыс Қазақстан облысынының Казталов және Жәнібек аудандарының аумағында киік көбейіп, шаруалардан маза кетті.

Ауыл тұрғындары ақбөкендер жайылымды бүлдіріп, шабындықты шаң қылды деп шағымдануда. Ал ерекше қорғауға алынған жануарды атуға рұқсат жоқ.

Киіктер негізінен Жәнібек пен Қазталов аудандарының аумағында төлдейді. Ресеймен шектесетін бұл жер облыс орталығынан 500 шақырым қашықта. Мамандардың айтуынша, табиғат заңына сәйкес олар жыл сайын лақтарын дәл осы жерде өргізеді. Кезінде киік саны күрт кеміген соң ерекше қорғауға алынған. Бірақ соңғы жылдары саны айтарлықтай өскен жануарлар жайылым жерлерді жайпап өтіп, қысқы мал азығын қамдауға мұрсат бермейді дейді тұрғындар.

Елеусін Тілебалиев, Жақсыбай ауылының тұрғыны:

- Өткен жылы шөп шабу түгілі малға жайылыс болмай қалды. Қараша айынан бастап малды шөппен апрельдің 15 дейін бақтық. Киіктің көптігі сонша, 200 мың киік қазір осы жерде жүр. Өз жерімізді өзіміз пайдаға асыра алмай зардап шегіп отырған жағдайымыз бар. Бір жылы киік жаппай қырылды, сол жылы малға әсер етті. Менің өзімнен 60 жылқы өлді.

Бұрхан Өтеғалиев, Жәнібек аудандық фермерлер қауымдастығының төрағасы:

- Осы киіктің салдарынан текелері өледі, жастарымыз қызығып, мүйіздерін тапсырады, тапсырмаса да кесіп жатқан жерінен ұсталып талай адамдарымыз сотталып кетіп жатыр. Киіктің көбейіп кетуінен 4 қатер бар деп есептейміз. Бірінші мәселе, киік санын шұғыл шектеу керек, болмаса бұл жақтан киікті шығару керек. 2013 жылы резерват құру туралы қол қойдық, оған 8 жыл уақыт өтті, сол 8 жылдан бері бір де бір жұмыс жасалған жоқ.

Алик Досқалиев, шаруа қожалығының басшысы:

- Шөп дайындай алмаймыз. Үкімет бізге көмектесе ме? Осы арадан 4 облысқа ет дайындалады. Қазір дайындай алмай отырмыз. Мысалы, мен былтырдан бастап ангустан 2-3 бас өлтірдім, былай тауарлы мал дейміз, одан 10 шақты бас өлді.

Әзірге, киелі жануарларға қатысты жұртшылықтың пікірі қақ жарылып тұр. Табиғат қорғаушылар төрт түлікке төнген қауіптің бәрін киікпен ғана байланыстыру дұрыс емес деген пікірде. Ауыл тұрғындарының жанайқайын түсінеміз. Бірақ 2023 жылға дейін ақбөкендерді аулауға мораторий жарияланды. Сондықтан қандай да бір шара алуға шамамыз келмейді, жоғары жақтың пәрменін күтеміз дейді.

Қайрат Қадешев, БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:

- Қазіргі кезде мемлекеттік органдарда резерваттың келісімі жүріп жатыр. Штат бойынша министрлктен хат кетті, 78 штат. Резерваттан не күтіп отырмыз? Резерваттың аумағына киік сыймайды. Бұл жерде 300 мың гектар. Қазіргі норматив бойынша 1 киікке 20 гектар, мың гектарға 50 киік. Қазіргі кезде 2-2 есе жарым екені көрініп тұр. Белгіленген нормативтен киік саны асып тұр. Екі түрі бар шешудің, заңды түрде нормативке сай реттелуі керек. Екінші көшіру керек, басқа жерге көшіру үшін ғылыми негіздеме керек.

Сәкен Ділдахмет, эколог:

- Қорғау жұмыстарының, «Охотзоопром» инспекторларының арқасында жыл сайын 40 пайыз өсуі байқалуда. Болашақта киік саны миллионнан асып, экология министрлігі мұны өндірістік мақсатта жобаларды бастаса СИТЕС конвенциясына сәйкес киіктің мүйізіне нөлдік квота берілген, яғни атуға болмайды. Міне, осы ұсыныспен шығу керек.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Киік төлдейтін кезде ауа райы күрт құбылып, кейбір жыртқыш аң мен құстың әрекеті шектеледі дейді білетіндер. Осы тұсқа табанымыз тигенде күн райының күрт суытқаны сезілді. Бір қызығы, ақбөкен атаулы жаңа туған төлін кез келген жерге тастап жүре береді. Бірақ лақтар бірер сағатта бойын тіктеп, үйіріне қосылады екен.

Соңғы жылдары браконьерлік біраз азайған. Киіктерді қорғаумен айналысатын кәсіпорынның бес қаруы түгел, техникасы талапқа сай. 50 шақты инспектор полициямен бірлесіп блок бекеттердегі тексеру жұмыстарына да атсалысады.

Арман Қожахметов, «Охотзоопром» РМҚК өңірлік филиалының директоры:

- Қазір браконерлік әрекеттер азайды. ІІД БҚО жақсы жұмыс істеп жатыр. Былтыр 47 іс қозғалды. Биыл 18 іс қозғалды, 339 бабымен дәл осы 5 айға. Жақындауға болмайды, атпен, көлікпен кетіп бара жатса, өліп жатқанын көрсе, 102-ға звондау керек. Бізде сенім телефоны бар.

Қалай десек те, киік мәселесін кешіктірмей шешу керек. Дәл қазір облыс аумағындағы ақбөкен санына қатысты болжам әрқилы. Бірі 600 мыңға жетті десе, келесі тарап миллионнан асқанына бәс тігуге бар.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Осыдан 2 жыл бұрын дала жануарларының саны 217 мыңға жеткен еді. Биылғы киік санағы жуырда ғана өтті. Қазір облыстың төрт ауданын ен жайлаған жануралар төлдеп жатыр. Сондықтан нақты саны алдағы айларда анықталады дейді мамандар.

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұов

Хабар 24 телеарнасы