Қостанай облысындағы жолдардың 25% әбден тозған

Әсіресе, Ұзынкөл ауданындағы тас жолдардың жағдайы сын көтермейді.

Шұрық-тесік жолдардан жүргізушілер де мезі болған. Ал жергілікті билік болса, әзір күрделі жөндеу болмайды деп отыр.

Ұзынкөл мен Ряжск ауылдарының арасындағы 15 шақырым жол 40 жылдан бері жөндеу көрмеген. Әбден тозып, шұрық-тесігі шыққан жолмен жүру қиын. Жүргізуші Ольга Куликова үшін осы аралықты еңсерудің өзі мұң. Көлігін ай сайын жөндетеді.

Ольга Куликова, Ряжск ауылының тұрғыны:

- Ұзынкөлден үйге жеткенше көліктің тежегіші жұлынып қалды. Күні кеше майы ағып кетті. Көлікті сату да тиімсіз. Ауылдан ешқандай автобус қатынамайды.

Андрей Гемлерейх, Ряжск ауылының тұрғыны:

- Асфальт қымбатқа түссе, құм сеуіп күтім жасаса болады ғой. Бәрін құртып жатқан ауыр жүк көліктері. Олар тек алқапты жолмен жүрсе, асфальттың астан-кестені шықпас еді.

Жақын арада жөндеу жұмыстарының басталуы екіталай. Ряжск бағыты тұйық жол болғандықтан тек құм сеуіп, жамап-жасқаумен шектелеміз дейді жергілікті билік.

Талғат Сақтағанов, Ұзынкөл ауданы әкімінің орынбасары:

- Облыстық бюджеттен қаржыландыру болса, орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 450 миллион теңге қажет. Құжаттарды былтыр дайындағанбыз. Әзірге нақты шешім жоқ. Сол себепті ағымдағы жөндеу жасаудан басқа амал жоқ.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

– Бұл Ресейдің Қорған облысына баратын жол. Көлігіңіз қанша жерден жүйрік болса, аталған учаскемен желдей жүйтку мүмкін емес. Шұрық-тесік, ой шұңқыры көп. Абайламасаңыз, темір тұлпарыңызды оңдырмай соғып алуыңыз мүмкін. Сондықтан жылдамдықты 20 шақырымнан асырмай, баяу жүруге тура келеді.

Асфальт жол бойында емес, жиегінде бөлшектеніп жатыр. Ойдым-ойдым шұңқырлар жүргізбейді. Көлігіміз жиі бұзылады, дейді жүргізушілер.

Дмитрий Хатунцев, Ряжск ауылының тұрғыны:

- Жаңбыр жаумаса, алқапты жолмен жүреміз. Асфальт деген мүлдем жоқ. Тез жөндесе, жақсы болар еді.

Биыл бұл жолдың алты шақырымы қалпына келтірілмек. Қосымша қаржы бөлінсе, тағы отыз шақырымын жөндеу көзделген.

Болат Сейдахметов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 9,2 млрд теңге бөлінді. Сол орташа жөндеумен 16 нысанды жоспарлап отырмыз. Соның ішінде Әулиекөл-Жолдама жолының 125 шақырымы жөнделеді. Соны 1 қарашаға дейін аяқтаймыз деп көздеп отырмыз.

Жалпы облыс бойынша биыл жолдардың екі проценті ғана жаңартылды. Бұл шамамен 182 шақырым.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров