424,63 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да тек Аягөз ауданы «қызыл аймақта» тұр

  • 264
  • UPD: 22:25, 11.05.2021

Шығыс өңірде Аягөз ауданы ғана қызыл аймақта тұр. Сәуірдің жиырмасынан бері мұнда шектеу шаралары күшейтілген еді. Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысымен 2 бірдей блокбекет қойылып, мектептер карантинге жабылды. Қазір жағдай тұрақтала бастады. Дегенмен, кейбір шектеулер осы айдың 16-сына дейін алынбайды. Тұрғындарды вакциналау қарқынды жүріп жатыр. 

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Алматы-Өскемен тас жолының бойында Аягөз қаласына кіреберісте және шығаберісте 2 блокбекет қойылған. Бұл жерден облыс тұрғындары еш кедергісіз өте алады. Тек басқа аймақтан, өзге өңірлерден келген автокөліктер тоқтатылып, олардың ішіндегі жолаушылардың дене қызулары өлшеніп, арнайы тіркеуге алынады.

Бұл жолмен тәулігіне 150 транзиттік көлік өтеді. Полицейлер мен дәрігерлер жүргізушілер мен жолаушыларды мұқият тексеруден өткізеді. Әзірге абырой болғанда, дене қызуы көтерілгендер тіркелмепті. Ал аудандағы 39 мектептің 22-сінде оқушылар штаттық режимде білім алып жатыр. Оларда бала саны 300-ден аспайды. 17 мектепте карантин жарияланып, онлайн режимге көшкен.

Нұрғали Әзімбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы:

- 17 бала бүгінгі күнде симптомсыз аурумен ауырып қалды, оның бүгінгі күнде 10-ы жазылып шықты, 7-уі әлі емделу үстінде. Мұғалімдер тарапына келер болсақ, бұл жерде 7 мұғалім ауырып қалды, осы қала мектептері бойынша, екі ауыл мектебінен ауырды. 1800-ге жуық мұғалім бар, оның жанында көп емес. Бірақ басқа балалар мен мұғалімдеріміздің ауыруының алдын алу үшін бұл өте дұрыс деп ойладық. Қазір енді облыстық бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, 16 мамырға дейін деп тоқтап тұр. 16 мамырдан кейін рұқсат беретін болса, біз сол штаттық режимде 9-11 сынып оқушыларын оқытамыз.

Ауданда вакциналау қарқынды жүріп жатыр. Бұған дейін халыққа ресейлік екпе салынса, қазір Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген «Хаят-вак» вакцинасы жеткізілген. 6 мыңға жуық адам вакциналанған. Солардың бірі аягөздік Ғизат Иманшартов.

Ғизат Иманшартов, қала тұрғыны:

- Егу кезінде кәдімгі укол алғандай болды, ал былай ештеңе сезгем жоқ. Ұжымдық қауіпсіздік деп соларға, әрі қарай өзім де ауырып қалмау үшін, отбасыма зиян тимесін деп алып жатырмын.

Сәтбек Борбасов, аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары:

- Шалғай елді мекен тұрғындарын, жолдың қашықтығын ескере отырып, жеңілдік жасалып, 12 егу пункті ашылды. Оларда да бүгінгі таңда өз кезегінде жұмыстар жасалып жатыр. Және қосымша 1 жылжымалы егу пункті бар, ол да толық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жалпы вакциналау асқынусыз, басқа да бір жаман жағынан көрсеткен жоқ.

Жалпы бір жылдың ішінде Аягөз ауданында 957 адам қауіпті індетті жұқтырыпты. Өткен тәулікте 6 адамнан жұқпалы дерт анықталған. Бұл өткен апталармен салыстырғанда 2 есе төмен көрсеткіш. Дегенмен, шектеу шаралары әлі де қатаң сақталып, оны мониторингтік топтар бақылауда.

Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы