Риддердегі өрт: баспанасыз қалғандарға арналған қайырымдылық қоры құрылды

Риддерде өртенген 31 үй тамыз айының соңына дейін қайта салынады. Баспанасыз қалған тұрғындар құрылыс аяқталғанша қонақ үйлері мен жатақханаларда тегін тұрады. Ас-ауқат, киім кешек те табылады. Президент тапсырмасына сәйкес, өрттен зардап шеккен тұрғындармен кездескен облыс әкімі Даниал Ахметов осылай деді. 

Риддерде жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланады. 

Сексеннің сеңгіріне шыққан Лидия Карпованың үйі, дүние-мүлкі  мен  қора-қопсысы түгел күлге айналған.

Кейуананың айтуынша, бас-аяғы жарты сағатта бет қаратпас жалын жолындағыны түгел жалмаған. Іргесіндегі орманды жалын шарпығанда немересі  екеуі  тек құжатын ғана алып үлгірген. Ақша-қаражат түгел жанып кеткен.

Лидия Карпова, Лесхоз ауылының тұрғыны:

- Елдің бәрі улап-шулап кетті. Біреу жолға қарай жүгірді. Немерем Алексей «әже тез, тез жеке куәлігіңді ал да шық» деп айғайлап жүр. Зейнетақымды өткен сенбі күні ғана алған едім ғой. Есім шығып, орындықтың үстінде тұрған сол ақшаны да алуға шамам келмеді. Енді міне далада қалдық.

Алапат өрттен Риддердің шетіндегі шағын ауданда 31 үй мен 300 гектарға жуық орманның орыны ғана қалды. Өрт тоқтағанымен кейбір жерлерде жекелеген ошақтары әлі тұтап жатыр.

Олжас Керейхан, тілші:

- Бір шырпының тұтануы мындай алапат өртке соқтырды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жалынның күшті болғаны соншалық биіктігі 30-40 метр болатын ағаштардың ең басындағы бұтағының өзі жанып кеткен. Ал дәл мына жерде 100 шаршы метр болатын ағаш үй болған.  Өрт сөндірушілер кешеден бері әлі сөндіріп жатыр.

Жолындағының бәрін жалмаған жалынды сөндіруге кешелі-бері 500-ге жуық маман мен 70 техника және 4 тікұшақ жұмылдырылды. Өрт сөндірушілер кешден бері тізе бүкпей жалынмен арпалысып жүр.

Ұлан Нұрмұханбетов, Риддер қалалық №14 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:

- Температура өте ыстық болды. Біз өзіміге су шашып, өрт орнына жақындап, сөйтіп өшірдік. Біз өрттің әрі қаарй қалаға қаупі бар. Сол себепті жайылмас үшін біз тоқтатуымыз керек. Соны  біз қадағалап, сол жұмыстарды атқарып жатырмыз. Жігіттер міне әлі тоқтамай жұмыс істеп жатыр.

Тоқтамай жұмыс істегенімен жалынның алғашқы лебін қайтару өте қиынға соққан. Осының кесірінен бір адам қайтыс болып, екі адамды қатты күйік шалған. Қазір олар хал үстінде жатыр.

Марал Төлеубаева, Риддер қалалық ауруханасының реанимация бөлімшесінің меңгерушісі:

- 1949 жылы туған адам денесінің 80 процентін, жас жігітті 40 процент күйік шалған. Қазіргі жағдайлары нашар.

Үйсіз-күйсіз қалған 81 адам Риддердегі қонақ үйі мен колледждің жатақханасына орналастырлды. Баспана Президеттің тапсырмасы бойынша мемлекет есебінен салынады. Материалдық шығын да өтеледі. Ол үшін облыста  арнайы комиссия құрылды.

Даниал Ахметов, облыс әкімі:

- Қандай шешім болады. Неден шықты аз уақыттың ішінде біздің органдар бізге жауап береді. Ал енді 31 үй мәселесі аз уақыттың ішінде  шешіледі. Мен айттым. Үш айдың ішінде 31  тамаша үйді салып береміз.

Үйсіз қалған әрбір отбасыға Риддердегі тау-кен комбинаты 1 миллион теңгеден көмек бермек. Ал облыста арнайы қор құрылып, халық сол қорға қаржы және материалдай көмек беріп жатыр. 

Авторлар: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов